Microsoft жасанды интеллект жобаларына байқау жариялады

Microsoft компаниясы студенттер арасында жасанды интеллект жобаларына байқау жариялады. Жыл сайын өткізілетін "The next AI Guardians" байқауына биыл Қазақстанмен қатар 27 мемлекеттің студенттері қатыса алады. Байқаудың басты шарты – әлемдегі, жергілікті білім беру саласының проблемаларын жасанды интеллект арқылы шешу.

"Білім алу – адам өміріндегі ең маңызды элемент. Сондықтан әлемдік, жергілікті білім беру саласындағы кез келген проблеманы шешуге бағытталған Microsoft байқауына шақырамыз", – дейді ұйымдастырушылар.

Байқауға қатысу үшін:

• 4 студенттен, 1 ғылыми қызметкер мен 1 профессордан (қалауынша) тұратын команда құру;
• проблеманың шешімі көрсетілген, хронометражы 3 минутқа дейінгі видео түсіру;
өтініш жіберу – анкетада жоба мен команданы сипаттап, видеоны жүктеу керек.

Өтініштер 25 қаңтарға дейін қабылданады. Іріктелген ең үздік жобалар байқаудың келесі кезеңінде Microsoft Teams бағдарламасы арқылы проблема шешімінің демонұсқасын жасап, таныстыруы тиіс. Финалға тек бес команда шығады. Олар "The Shark Tank of The next AI Guardians" гала-шоуына қатысып, мамандарға өз жобаларын таныстырады. Финал 27-29 мамыр аралығында Будапешт қаласында өтеді.

Финалистерге үш күндік жасанды интеллект курсы ұйымдастырылып, Microsoft Surface Pro құрылғыларын сыйға тартады.

Жеңімпаздарға байқау нәтижесі бойынша, жобаны жүзеге асыруға қажет техникалық қолдау көрсетіліп, Microsoft-тың үздік жасанды интеллект мамандары ментор болады.