Сіз армандаған велосипед

Сіз армандаған велосипед
Фото: vilingstore.net

Америкалық NEXO компаниясы әрбір адам армандап жүрген велосипедті жарыққа шығарды деуге болады. Себебі компанияның өндіріп отырған жүріс көлігінің дөңгелегі жарылып қалу, қайтадан сатып алу немесе қайта өндіру дегенді білмейді. Яғни бір рет сатып алғаннан кейін ол велосипедтің дөңгелегі ұзағынан жұмыс жасайтын болады. 

Компания велосипед дөңгелегінің екі үлгісін жасап шығарды: Tire және Nexo Tire. Бұл екі түрлі дөңгелектің үлгісі ерекше. Олардың жарылмауына себеп ішкі материалдардың мықтылығы мен жел толтыруды қажет етпеуінде. Аталған өнімдер осы жылдың қаңтар айынан бастап сатылымға шықты. 

Саяхатқа немесе ұзақ жолға, тауға велосипедпен шыққан кезде тудыратын қиындықтардың бірі дөңгелектің жарылып қалуы немесе басқа да түрлі келеңсіздік болса, аталған компанияның жүріс көлігі сізді далада қалдырмайды. Мұны тәжірибеден өткізушілер «технологияның тағы бір үлкен жетістігі» деп санайды. 

NEXO компаниясы жасап шығарған дөңгелектердің сапасы мен құны олардың диаметріне қарай белгіленеді. Қазіргі таңда бұл дөңгелектердің диаметрі 20-24 дюйм. 

Компания шығарған өнімдері үшін сенімді түрде кепілдік беріп отыр. Дөңгелектің ұзаққа шыдау мерзімі – 8050 км. Ал бұл қашықтыққа сіз қарапайым велосипедтің дөңгелегімен жету үшін кем дегенде 10-15 рет ауыстыруыңыз керек.  

М. Ақан