- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Facebook танымбелгісінің дизайнын...
Facebook танымбелгісінің дизайнын өзгертті
Әлемге танымал әлеуметтік желілердің бірі - facebook танымбелгісінің (логотип) дизайнын өзгертті. Бұл туралы әлеуметтік желінің бас дизайнері Кристиоф Тозиет twitter желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
Facebook басшылығы өзгерткен танымбелгінің бұрынғысынан аса айырмашылығы жоқ. Мән беріп қарамасаң, бір көргеннен өзгерісті байқамай қалуыңыз да мүмкін. Әлеуметтік желі танымбелгісіне 10 жыл ішінде алғаш рет өзгеріс енгізіп отыр. Бұрынғы танымбелгідегі «facebook» сөзінің әріптері жіңішкертілген. Сондай-ақ, «а», «е», «о» және «b» әріптерінің дизайны ауыстырылып, арақашықтықтары азырақ алшақтатылған.
- Facebook-тың бірінші танымбелгісі 2005 жылы таныстырылды. Ол кезде компания жұмысын енді ғана бастаған болатын. Біз танымбелгінің әдемі әрі сапалы болуына мән бердік. Қазір әлеуметтік желі әлемге танылғаннан кейін, танымбелгіні ауыстыруды жөн санап отырмыз. Себебі, танымбелгінің жаңа дизайны «жылы шырайдың» жаршысындай, - деді компания директорларының бірі Джош Хиггинс.
Facebook желісіне 85 % қолданушылары ұялы телефон арқылы кіреді. Бұл туралы компания сәуір айында хабарлаған-ды. Ал негізгі табыс көзі ұялы телефондағы жарнамадан түседі. Осыны ескерген компания басшылығы телефон дисплейінен танымбелгі анық көріну үшін де дизайнын өзгерткен.
О. Сансызбай