Жапондар ауамен жүретін автомобиль жасап шығарды

Жапондар ауамен жүретін автомобиль жасап шығарды
Фото: tn.kz

Жапониялық Toyota концерні сутегі және оттегімен жүретін жаңа автомобиль жасады, - деп жазады Tengrinews.kz  Washington Post сайтына сілтеме жасап.

Автомобильдің жұмыс істеу қағидасы мынадай: жанармай ұяшығындағы сутегі ауадағы оттегімен араласып, химиялық реакцияның нәтижесінде машинаның электромоторында қолданылатын электр пайда болады. Реакция соңында су бөлінеді.

Химиялық реакциялар жүретін жанармай ұяшығына жарылыс қаупін азайтатын капсула орнатылады. 

Toyota Mirai бензинмен жүретін машиналарға ұқсайды. Оның жылдамдығы сағатына 178 шақырымға жетеді, 9,6 секундта 100 км/сағ-қа жете алады. Авто бір рет жанармай құйғаннан кейін 480 шақырым жүре алады. Бакқа сутегіні 10 минут ішінде толтырып алуға болады.

Мұндай автомобильдер экономикалық және экологиялық проблемаларды шешуге көмектеседі. Дегенмен, бірнеше кедергі бар. Мысалы, төрт есікті Toyota Mirai шамамен 100 мың доллар тұрады, яғни қымбат, жанармай бекеттері өте аз (Ұлыбитанияда 12 бекет бар) және сутегі бөлінген кезде табиғатқа зиян келеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, сутегімен жүретін автомобиль әр миль сайын 100 миллилитр су бөліп отырады. Бұл суық елдер үшін қолайсыз болуы мүмкін. Ауа температурасы төмен болған кезде су қатып қалуы мүмкін. Егер суды бу ретінде бөліп отырса, онда ауада тұманның пайда болу қаупі бар.

Басылымның хабарлауынша, мұндай автомобильді көптеп шығару үшін бірқатар мәселені шешу керек. 

М. Бисембаева