- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Эрик Шмидт (Google):...
Эрик Шмидт (Google): Apple Samsung-тың өткен жылы шығарған өнімін көшіріп алды
"iOS оперативті жүйесі өз саласында ең үздік болып табылады!" – дейді Apple өнімін тұтынушылар. "Дегенмен, Android платформасындағы смартфондардың функционалы кең", – деп жауап қатады Google компаниясын жақтаушылар.
Google компаниясы басқару кеңесінің мүшесі Эрик Шмидттің әйгілі Нью-Йорктегі Bloomberg басылымына берген сұқбаты барысында бақталастыққа қатысты сұрақтар да қойылған болатын.
Bloomberg: Соңғы күндері Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Нью-Йорк қалаларындағы Apple дүкендерінің алдында жиналған кезекті көріп қандай сезімде болдыңыз? Android базасындағы смартфондарды тұтынушылар көп болатыны рас, бірақ Apple мынадай көп сұранысқа қалай жетіп отыр?
Эрик Шмидт: Apple жасаған өнімді осыдан бір жыл бұрын Samsung шығарып қойғанын осының алдында айтқан болатынмын.
Bloomberg: Дегенмен, Samsung бір ай бұрын өз өнімін сатылымға шығарған кезде мұндай сұраныстың болмағаны белгілі. Адамдар кезекке тұрып, Galaxy смартфонын сатып алуға асыққан жоқ қой? Осы жайлы не ойлайсыз?
Эрик Шмидт: Сізге тағы да қайталап айтамын, мұндай өнімді Samsung бір жыл бұрын шығарып қойған.
Bloomberg: Android құрылғыларының барлық табысын қоса есептегендегі қаржыдан Apple компаниясының бір өнімінің табысы асып түсетіні сізді ойландырмай ма? Android базасындағы смартфондар, планшеттер мен планшетофондар сұранысқа ие, дегенмен, олар Apple аппараттарының көрсеткен нәтижесіне жете алмайды.
Эрик Шмидт: Арзан бағалы модельдермен жұмыс істеуді өзіне мақсат еткен Digicel компаниясы бұған жақсы мысал бола алады. Олар әлемді өзгерте алды. Нарықтың кішкентай бөлігін қамтып, үлкен табысқа жету әркімнің де қолынан келе бермейді. Біздің басты мақсатымыз – көлем.
Bloomberg: Сонда бұл стратегия бойынша, тұтынушыларға төмен бағада үлкен таңдау ұсынылады дейсіз ғой?
Эрик Шмидт: Менің айтайын дегенім, Apple мен Google арасындағы немесе iOS пен Android арасындағы бақталастық бүкіл әлемдегі тұтынушылар үшін пайдалы. Бұл миллиардтаған адамға таңдау мүмкіндігін береді. Себебі, Apple мен Google нарықта өз орнын иемдену мақсатында тер төгіп жатыр.
…
Bloomberg: Сіз қалай ойлайсыз, егер нарықта бәсекеге қабілетті қарсыластар екеуден көп болғанда нарықтың жағдайы қалай болар еді?
Эрик Шмидт: Бәсекелесіңіз көп болған сайын өнімнің сапасы жақсарады. Apple мен Google осы орайда бақталасу үстінде. Сондай-ақ, кейбір фактілерді келтіріп өткенім жөн болар. Amazon – Android жүйесін қолданушы, ал Apple іздеу қызметінде Google компаниясының серіктесі. Сондықтан, серіктестік пен бақталастық қатар жүріп отырғандықтан, әзірге тепе-теңдік сақталып отыр.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: www.bloomberg.com
Ж. Өрісбай