General Motors көліктерінен тағы да ақау шықты

General Motors көліктерінен тағы да ақау шықты

Жақында ғана жапондық Toyota компаниясы әлем бойынша 2 миллионнан аса көлігін қайтаратындығы жөнінде хабарлаған болатынбыз. Енді міне, солардың қатарына америкалық автоконцерн General Motors та қосылып отыр. Бұл жолы автокөлік шығарумен айналысатын алпауыт компания әртүрлі ақауларға байланысты 3,36 миллион көлігін зауытқа қайтып алатын болды.

3 миллионнан аса «темір тұлпар» оталдыру процесінде маңызды рөлге ие кейбір бөлшектерінің дұрыс жасалмауы себепті қайтарылса, қалғаны әртүрлі қателіктердің салдарынан қайта жөндеуден өткізілмек.

Осыған дейін General Motors компания жіберген қателігі салдарынан көлік апатқа ұшырап жатса, иесіне немесе зардап шегушілерге өтемақы төлеу үшін арнайы қор ашатынын да айтқан еді. Ал сарапшылар көліктерді қайтарып алу жөніндегі соңғы науқан компания үшін 1,5 миллиард долларға түседі дегенді айтып отыр.     

Айта кетейік, маусым айының басында General Motors концерні «ақаулары бар автокөліктерді уақытында қайтармағаны үшін кінәлі» деп вице-президенті мен кейбір жауапты тұлғаларды қызметтерінен босатқан. Естеріңізде болса, бұл компанияның басынан кешіп отырған алғашқы «қайғысы» емес. Осыған дейін 2,6 миллион автокөлік қайта жөндеуден өтіп үлгерді. Кейбір мәліметтер бойынша, құрастырушының жіберген қателігі салдарынан 13 адам жол-көлік оқиғасының құрбаны болған.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: svit24.net

Б. Қосмағамбет