Жүргізушісіз қозғалатын Google кар таныстырылды

Жүргізушісіз қозғалатын Google кар таныстырылды

Google корпорациясы автопилотпен (яғни жүргізушісіз) жабдықталған көліктерді жаппай шығаруға толық дайын екенін мәлімдеді. Дәл осындай автокөліктің тұңғыш прототипті еріктілердің сынағынан өтіп те үлгерді.  

Бұл автокөліктерде рөл мен педаль деген атымен болмайды. Көлікті басқару үшін оның иесі тек екі тетікті ғана («жүру-тоқтау») қолданады. Ал сыртқы келбетіне қарасақ, Google-дың инновациялық көлігі «мультиктегі» мәшинелерге қатты ұқсас. Сондай-ақ жаңа көліктің капоты да жоқ. Инженерлердің ойынша, осындай ерекше дизайнының арқасында адамдар өздігінен басқарылатын автокөлікті жылы қабылдап, ондағы технологияларға да бойларын тез үйрете алмақ.

Google ұсынған инновациялық автокөлік екі адамға есептеліп жасалған. Қозғаушы күш қызметін электр қозғалтқыш атқарады. Әзірге қауіпсіздік мақсатында көліктің жылдамдығы 40 шқ/сағ аспайды. «Біз автокөліктің максималды жылдамдығын 160 шқ/сағ көрсеткішіне жеткізу мақсатында алда әлі талай істер атқарамыз. Бірақ алдымен қазіргі жылдамдықтың көлік үшін қауіпсіз екеніне көзімізді жеткізіп алуымыз керек»,-дейді Сергей Брин. Автокөлік өз-өзін басқару үшін лазерлік және радиолокациялық датчиктерден бөлек борттағы камераларды қолданады. Сондай-ақ Google-дың арнайы картасы да көлікке жол сілтейді.

Автопилотпен жабдықталған Google машинасының прототипі осы күнге дейін жалпыға ортақ трассамен 1 миллионға жуық шақырымды басып өткен екен. Компанияның ендігі мақсаты Детройттағы зауыттан жаңа 200 көлік шығару болып отыр.

Жаңа жобаны жақтаушылар автопилотты Google кар көлік саласында төңкеріс алып келеді деп сенеді. Сондай-ақ олардың пікірінше, ииновациялық көлік арқасында жол қазіргіден әлдеқайда қауіпсіз бола түссе, ал атмосфераға шығарылатын лас ауа мөлшері едәуір азаймақ.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: afr.com

Б. Қосмағамбет