"Li-fi" – "Wi-fi"-ды ысырып тастамақ

"Li-fi" – "Wi-fi"-ды ысырып тастамақ

Секундына 10 Гбит жылдам интернетпен қамтамасыз ете алатын «li-fi» сымсыз интернетін британдық ғалымдар жасап шығыпты.

«Li-fi» – бұл интернетке қосылуға деген сенімді әрі арзан мүмкіндік. Бұл құрылғы арқылы әрбір пайдаланушы қай жерде, қай уақытта болмасын – өте жылдам интернетке қол жеткізе алады. Атауының өзі ағылшын тілінің «Light» – «жарық» және «fidelity» – «дәлдік» деген мағынаны беріп тұр.

Бұл жобаны бірінші болып Эдинбург, Оксфорд және Кэмбридж университеттері қолға алып, Инженерлік саласындағы зерттеулер бойынша британдық Кеңес оған демеуші болған екен.

Микросветодиодтар Глазго қаласындағы Стратклайд университетінде жасалған. Бұл жарық диодтар жарықты параллель түрінде өткізетін болғандықтан бұл арқылы жылдамдық екі есеге өседі. «Көз алдарыңызға душ себезгісінен бірнеше бөлікке ағып бара жатқан суды әкеліңіздерші, міне, біз жарықты дәл осылай шығардық» дейді профессор Харальд Хаас.

Бұған дейін Фраунгоферов институтының неміс ғалымдары зертханалық жағдайда интернеттің жылдамдығын секундына 1 Гбит ете аламыз деген болатын. Ал қазан айында қытайлық зерттеушілер арнайы микрочипте жарық диодын құрастырғанын және оның жылдамдығы секіндына 150 Мбит болғанын жария етіп еді.

«Li-fi» өте арзан болатыны айтылды. Профессор Хаастың айтуынша, жаңа технологияның тағы да бір ерекшелігі – егер жарық диод тасымалдаушыларын барынша дәл қойса, онда интернет жылдамдығы шексіздікке дейін үздіксіз арта беретін көрінеді. Дәстүрге айналып кеткен wi-fi-роутерлердің басты міні – одан алыстай бастаған кезде сапа нашарлай түсетіні екені анық.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: gaveteiro.com.br

А. Құлтай