TOP Gear: Джереми Кларксон

TOP Gear: Джереми Кларксон

Дүниежүзіндегі миллиондаған автосүйер қауымның сүйіп қарайтын телевизиялық бағдарламаларының бірі... Дұрыс! «Top Gear»! Бұл бағдарламаны үлкен-кіші экраннан тапжылмай отырып қарайды. Массагеттіктердің арасында да осы бағдарламаныны сүйіп қарайтындардың барына күмән жоқ. Бірақ бұл жобаның қалай пайда болғанын бәрі біле бермейді. Осы бағдарламаның шығу тарихына үңіліп көріп, сіздермен бөлісуді жөн көрдік.

Сонымен, 1977 жылы алғаш рет теледидар экранына «Top Gear» атты көліктер жайлы бағдарлама шықты. Ең басында бұл жоба аттас журналдың баяндамасы ретінде ұйымдастырылған болатын. Тек 2001 жылы ғана бағдарламаға айтарлықтай өзгертулер енгізіліп, жоба форматы толықтай қайта қарастырылды. Ал 2002 жылы жоба циклы толығымен жаңа форматқа көшіп, әртүрлі идеяларға толы, қызықты әрі әзіл-сықақ элементтері бар жоба болып қалыптасты. Ал қазіргі жүргізушілердің әзілдері, арнайы дайындалған мәтін мен студиядағы жылы атмосфера барлығымызға таныс. Бағдарламаның рейтингі өте жоғары - ресми трансляция жүргізіліп жатқан елдерде көрермендердің саны 350 миллион адамға жетіп қалды. Аз емес. Жаңартылған бағдарламаны белгілі үш автосүйер: Джереми Кларксон, Джеймс Мэй пен Ричард Хаммонд жүргізеді. Және де дүниежүзінде теңдесі жоқ Стигтің де еңбегі жайлы ұмытпауымыз керек.

2002 жылы жоба авторы Кларксонмен бірлесіп, жаңа жобаны арнайы ВВС арнасы үшін түсіруді ойластырып, бағдарламаның алғашқы түсірілім жұмыстарын жүргізді. Түсіру студиясы Англияның Суррей ауданының маңындағы Дансфолд аэродромында орналасқан. Студиялық түсірілімдер ангардың ішінде өтсе, аэродромның ұшып-қону жолағында бүкіл дүниежүзіне белгілі «Top Gear» трассасы орналасқан.

Джереми Кларксон

Джереми Кларксон

Аты бүкіл әлемге танымал тілші әрі тележүргізуші 1960 жылы Донкастер қаласында дүниеге келген. Тәртібі нашар болғандықтан бірнеше мектеп ауыстырған. Өзінің тілші мансабын Джереми «Rochdale Observer», «Associated Kent Newspapers», «Rotherham Advertiser» және тағы да басқа басылымдарда жұмыс істеуден бастаған.

1984 жылы Кларксонның жеке құрған «Motoring Press Agency» агенттігі көліктерді сынақтан өткізіп, олардың қорытындысы бойынша мақалалар жазып отыратын. Орталық бұқаралық ақпарат құралдар көздері "тірі" тілмен жазылған Кларксонның көлік шолуларына қызығушылық танытып, 1988 жылы  BBC арнасы Кларксонды «Top Gear» бағдарламасына шакырады. Сондай-ақ, 90 жылдардың аяғында әйгілі тележүргізуші-тілші Sun және Sunday Times газеттерімен серіктесіп, оларға апта сайын авто тақырыптарына мақалалар жазып тұратын болады. 1990 жылдардың аяғында Кларксонның «Clarkson» атты жеке телебағдарламасы жарыққа шығады.

Сондай-ақ, Джереми өзінің өткір тілімен көзге түсіп отыратындықтан, бірнеше мәрте тікелей эфирде кешірім сұраған болатын. Соңғы рет  премьер-министрге сөз айтамын деп тағы өсек-аяң эпицентрінің ортасында қалды. Кларксонның өткір тілі мен ұтқыр әзілдері әрдайым жұрттың ыстық ықыласына бөлене береді. Джеремидің ұтқыр жауаптары мен сөздері ауыздан-ауызға тарап, қанатты сөзге айналып үлгерген.

Суреттер: videoanons.ru