Жолаушылар тасымалдайтын әлемдегі ең үлкен ұшақ

Жолаушылар тасымалдайтын әлемдегі ең үлкен ұшақ
Фото: dorint-blog.de, chushkin.com, varlamov.me, allaircraft.ru

Қалаған жерімізге қас қағым сәтте жетіп алатын дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Оның ең басты себебі, жолаушы тасымалдайтын ұшақтар. Осы ұшақтар сағат сайын түрлі өзгеріске ұшырап, көбейіп жатыр. Ең тез ұшатыны, баяу ұшатыны, кішкентайы, үлкені секілді түрлерінің барлығы да адамзат баласының игілігі үшін жасалған. Ал бүгін, қалам сілтеуімізге әлем ұшақтарының ішіндегі ең алпауыты себеп болып отыр. Ендеше, Airbus А380 жолаушылар тасымалдайтын ұшағымен таныс болыңыздар!  

Airbus А380  —  әлемдегі ең үлкен жолаушы тасымалдайтын ұшақ. Оның ұзындығы — 80,65 м, биіктігі — 24,08 м, қанатының ұзындығы — 79,75 м. Ұшақта 853 жолаушы тасымалдайтын бір класс не 525 орынды үш класс болады. 15 мың километрден де алыс қашықтыққа ешқандай аялдамасыз жеткізе алады.

Ұшақ төрт турбореактивтік қозғалтқышпен жабдықталған әрі олардың екі түрі бар:  Engine Alliance GP7000 және Rolls-Royce Trent 900. Ұшақтың салмағы — 280 тонна, ал ұшу кезіндегі максималды салмағы — 560 тонна. Сонымен қатар, жүк тасымалдайтын түрі бар, оның атауы — A380F. Бұл тікұшақ 10 мың километр қашықтықта 150 тонна жүкті таси алады.

Бұл алыпты құрастыру үшін Airbus S.A.S. компаниясының он жыл уақыты кеткен. Құрастырушылардың айтуы бойынша, ұшақты құрастырудағы басты мәселе - оның салмағын азайту болған. Ол үшін ұшақтың композициялық материалдарына көңіл бөлген. Ал ұшақты құрастыруда алюминді құйма, көміртек талшықтары, қоспалы материалдар пайдаланылған. 

Алғаш рет 2005 жылы 18 қаңтар күні Тулуза қаласында жарияланған, ал 2005 жылдың 27 сәуірінде аталған қалада тұңғыш рет сынақ ретінде ұшқан.  

2007 жылы 15 қазанда Singapore Airlines компаниясы Airbus А380 ұшағына ие болады, сөйтіп 25 қазанда А380 ұшағы алғашқы рет коммерциялық сапар жасады. Сингапурдан сағат 04:16-та (Мәскеу уақыты бойынша) ұшып, 7,5 сағат әуеде шарлап, Сиднейге ешқандай қатерсіз қонады. Бұл сапарда 455 жолаушы, 30 экипаж мүшесі мен төрт ұшқыш болған.

Осы тарихи сәттің құрметіне барлық жолаушыға арнайы естелік сертификаттар табысталып, аққайнар ұсынған. Және сапардың ең минималды билет құны 550 АҚШ долларына, ең қымбаты 100 380 АҚШ доллларына сатылған. Бұл ең қымбат билетті – «люкс» классты британдық  Джулиан Хейвард сатып алған. 2008 жылы 11 қаңтарда Singapore Airlines компаниясы тағы да екінші А380 лайнеріне ие болды.

Сонымен қатар, бұл ұшақтың басқа өзі тектес ұшақтардан тағы бір өзгешелігі бар. Жанар-жағар майды өте үнемді жұмсайды, бір жолаушы үшін жүз километрге үш литр жанар май жұмсалады екен. Құрастырушылардың айтуынша, Airbus А380 өзге ұшақтарға қарағанда, отынды 20 пайыз аз жағады екен.

Ұшақты құрастырып, жабдықтау үшін, шамамен, 12 миллиард еуро жұмсалған. Бұл ұшаққа жұмсалған қаражаттың орнын жабу үшін 420 авиалайнер сату керек екен. Бірақ қазіргі таңда бұл ұшақтың 68 Airbus А380 үлгісі ғана шығарылған екен.

Е. Жұмабайұлы