- Негізгі бет
- Ең, ең,ең...
- Әлемдегі ең кішкентай...
Әлемдегі ең кішкентай электромобиль - Zagato Volpe
Естеріңізде болса, сіздерді дүниежүзіндегі ең кішкентай Peel P50 автокөлігімен таныстырып кеткен болатынбыз. Жәндікке ұқсас машинаның максималды жылдамдығы сағатына 68 шақырым. Артқы жүріс болмағандықтан, жүргізуші көліктен шығып, оны қолымен керек бағытқа бұрып жібере алады екен. Өздеріңіз білетіндей автоөндіріс заманауи технологиялардың арқасында елеулі жетістіктерге жетіп қалды. Ендігі адам баласының ойлап тапқан жаңалығы - дүниежүзіндегі ең кішкентай электромобиль. Қазіргі жанармай тапшылығын ескеретін болсақ, бұл бір таптырмас байлық болайын деп тұр.
Итальяндық автоөндірушілер дүниежүзіндегі ең кішкентай электромобильдің авторлары атанды. Өндірушілердің пайымдауынша, бұл көлік кез келген ғимараттағы лифтке де сыйып кетеді. Осылайша жүргізуші өзінің жұмыс орнына жеке көлігімен жете алады,- деп хабарлайды Daily Mail агенттігі.
Электромобильдің атауы: Zagato Volpe. Итальян тілінен аударғанда "түлкі" дегенді білдіреді. Автоның өлшемдері тым кішкентай. Ені бір метр, ұзындығы бір жарым метр болатын темір тұлпардың салмағы 350 келі. Жүргізуші мен жолаушының орындықтары бірінен кейін бірі орналасқан. Байқасаңыз, бұл көлікте екі орын. Ал Peel P50 бұндай мүмкіндікпен мақтана алмайды. Керек десеңіз, көліктің артқы орындығын жинап алып, көлемді жүк салғышқа қол жеткізе аласыз. Көлікке кондиционер мен МР3-аудиожүйе орнатылған. Сондай-ақ жүргізушінің белгілі бір бағыттан шатасып кетпеуі үшін навигациялық жүйе мен орталық құлып қарастырылған.
Машинаның максималды жылдамдығы - 50 ш/с. Бір қызығы "Волптың" қозғалтқышы "квадроциклдер" типіне жататындықтан, 16 жастан бастап, көлік тізгінін басқаруға болады. Ал бағасы шамамен 10 доллар шамасында болмақ. Жаңа көлік сатылымға 2013 жылы түседі деген жоспар бар. Итальяндықтардың өнімі біздің көшелерден көрінсе, көлік кептелісі туралы ұмытуға болар еді.
Сурет: ecoconceptcars.ru