Көліктің техникалық құжатын қалай қалпына келтіруге болады?

Көліктің техникалық құжатын қалай қалпына келтіруге болады?
Фото: kolesa.kz

Абайсызда құжат жоғалып, бір сәт бойымызды үрей билейді. Кез келген құжатты қайта қалпына келтіруге болады. Дегенмен әр құжаттың өз машақаты бар. Ал көліктің техникалық құжатын жоғалтқан жағдайда не істеу қажет? 

Бұл материалда көлік құралын тіркеу туралы куәлік (КҚТК) деп аталатын автокөліктің техникалық төлқұжатын қалай қалпына келтіру және оны ауыстыруды талап ететін басқа да жағдайлар туралы оқи аласыз.

Техникалық төлқұжат – көлік құралын өз атына тіркеген сәтте берілетін құжат. Заңға сәйкес, ол жолда жүруге рұқсат береді. 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығымен бекітілген көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу, Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, Емтихан қабылдау және жүргізуші куәлігін беру қағидаларын бекіту туралы бұйрығының 3-бөлімінің 49-тармағына сәйкес техникалық төлқұжатты мынадай жағдайларда ауыстыруға рұқсат етіледі:

1) көлік құралына меншiк құқығы өзгерген;

2) көлік иесiнiң тұрғылықты жері (заңды тұлғаның мекенжайы) өзгерген, көлік иесінің ерік қалауы бойынша;

3) көлік иесiнiң тегі, аты, әкесінің аты (заңды тұлғаның атауы) өзгерген;

4) қайта жабдықтау немесе көлік құралы типі өзгерген;

5) көлік құралының түсі өзгерген;

6) КҚТК ауыстырған немесе жоғалтқан жағдайларда жүргізіледі.

Техникалық құжат жоғалған жағдайда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Ол үшін мынадай құжаттар қолыңызда болуы тиіс:

1) өтініш;

2) жеке куәлік;

3) мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек. Құны 1,25 АЕК құрайды. 

Бір айта кетерлігі, құжатты ауыстырар кезде оны тексертудің қажеті жоқ.

А. Рысдәулет