- Негізгі бет
- Авто
- Ең арзан электромобиль...
Ең арзан электромобиль туралы білесіз бе?
Электромобиль туралы айтқанда ең алдымен Тесла еске түседі. Тесладан бөлек дүниежүзіндегі алпауыт көлік компаниялары Тойота, Мерседестер де өз электр көлігін шығару үстінде жұмыс істеп жатыр. Әзірге Теслаға бәсекелес болатын электромобиль жасалған жоқ деп айтуға болады. Бірақ, Wuling Hong Guang Mini EV компаниясының өте арзан электр темір тұлпары болашақта әлем нарығын жаулап алады деген болжам бар.
Ең арзан электромобиль
Шын мәнінде, бұл кішкентай машинаны жаңалық деп атауға болмайды, өйткені ол осы жаздың басынан бері шығарылып келеді. Wuling Hong Guang Mini EV қазір Қытайда ғана сатылып жатыр. Автокөліктің нағыз жетістігі мынада: өндірілгеннен бері оған 50 мыңнан аса тапсырыс түскен. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп жатыр. Қарапайым автомобиль туралы емес, электр машинасы туралы сөз болғанда Қытай үшін бұл жақсы көрсеткіш.
Автокөлік жақсы сатылып қана қоймай, елдегі ең көп сатылатын аккумуляторлы автомобиль санатына енген.
Өсу факторларының бірі қытай азаматтарына машинаның шағын көрінісі мен пандемияда кезінде оның қолжетімдігі әсер еткен. Hong Guang Mini EV-тің бастапқы бағасы 4162 доллардан (шамамен 1 млн 776 мың теңге) басталады. Бұл сомаға қазір сіз машина емес электр велосипедтерін ғана сатып ала аласыз. Салыстыру үшін айтсақ Volta Discover 2.0 электр велосипеді 1,5 млн теңге тұрады.
Көліктің тым арзан екенін көріп, оның қауіпсіздік технологиясы нашар деп те айтуға болмайды. Бірақ оның қауіпсіздік технологиясын бағасы 30 мың доллар тұратын электромобильдермен салыстыра алмайсыз. Бұл көліктің тежегіші, дөңгелектің қысымын бақылайтын жүйесі және артқы тұрақты сезбектері де жақсы жұмыс істейді. Тіпті машинада кондиционер де бар.
Wuling Hong Guang Mini EV хэтчбек және оған төрт адам сияды. 13 кВт электр қозғалтқышы 17,4 ат күшіне тең. Көліктің максимал жылдамдығы – сағатына 100 шақырым. Аккумуляторының толық қуаты орташа 120 шақырымға, ал максимал түрде 170 шақырымға жетеді.
Кептелісі көп қала үшін таптырмас автомобиль
Осындай қабілетіне қарап көлікті кептелісі көп қалаға ыңғайлы деп айтуға болады. Мұндай электромобильді тұраққа қою да қиын емес. Қалада мұндай машинаның көп болуы қазіргі басты мәселелердің бірі ауаға парник газдардың таралуын азайтар еді. Әрине, көліктің кемшіліктері де бар. Біріншіден, мұндай көлікпен сіз алыс қашықтыққа бара алмайсыз. Екіншіден, оған көп жүк сыймайды. Үшіншіден, жылдамдығы аз. Бірақ бюджеті шағын Wuling Hong Guang Mini EV-ке уақыт өткен сайын сұраныс артып келеді.
Т. Раушанұлы