Арменияға жеңілдік кезеңінде тасымалданған көліктер ЕЭО тауары емес

Нұр-Сұлтанда ҚР сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікованың, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазинның және ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Аталған жиында шенділер елдегі шетелдік көліктердің жай-күйін түсіндірді.

Билік өкілдерінің айтуынша, машиналар біздің елге Армения Республикасының одаққа қосылуы туралы 2014 жылдың 29 мамырындағы келісімшартты бұза отырып кіргізілген. "Шарттар және ережелер" деп аталатын № 3 қосымшада Арменияға жеңілдік кезеңінде жеке қолданыс үшін кіргізілген автокөліктердің статусы туралы жазылған.

Құжаттың 35-тармағында Армения аумағында тіркелген мұндай машиналарды ЕЭО мүшесі болып табылатын өзге елдердің аумағына тек Армения Республикасың тұрақты азаматтары ғана уақытша кіргізе алады деп жазылған. Өзге тұлғалар тарапынан елге кіргізу, қолдану, сонымен қатар жеке меншіктен шығару, басқаның қолданысына беру тек кедендік мағлұмдау мен салықтар төленгеннен кейін ғана мүмкін болады.

Заң бойынша қазақстандықтардың ондай автокөліктерге тіпті сенімхат рәсімдеуіне болмайды. Мұндай талаптар өтпелі кезеңде кедендік тазартудан өткен қырғызстандық көліктерге де қатысты.

Арменияда тіркелген он мыңға жуық көліктің біздің елге қалай кіргізілгенін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Келісімшарт бойынша міндеттерін орындамай, автокөліктерді қазақстандықтардың атына рәсімдеген Армения үкіметіне де қойылатын сұрақтар аз емес.

Шенділер халықтан дүрлікпеуді сұрады, әр мәселе жеке қаралатын болады. Қазіргі уақытта бірнеше азамат ішкі істер министріне алаяқтық жолмен көлік сатуға байланысты шара қолдануды сұрап жүгінген.

Дереккөз: kolesa.kz