Жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүру міндетті ме?

Жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүру міндетті ме?
Фото: kolesa.kz

2020 жылдың 16 қаңтарынан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612 бабының 1 тармағына өзгерістер енді. Бұл бап көлікті жүргiзушi куәлiгiнсіз, жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына арналған уақытша куәлiксіз және көлікті тіркеу құжатынсыз басқаруды реттейді.

Жаңадан енгізілген түзетулер бойынша құжатсыз көлік басқарғаны үшін жүргізушіге ендігәрі айыппұл салмай, тек ескертумен шектелуге болады. Осы Кодекстің 43 бабының 2 тармағына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда инспектор жазбаша ескерту жазып береді. 

Дегенмен түзетулер айыппұл салуға тимеді. ҚР ӘКҚК сәйкес полиция жүргізушіге куәлігі не техникалық төлқұжаты болмаған жағдайда айыппұл салып, көлігін айып тұрағына орналастыруға құқылы. Өзгертулер мен түзетулерге қарамастан елімізде жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжатын өзімен бірге алып жүруге міндетті. Қазіргі таңда жүргізушілер өзімен бірге техникалық тексеріс талонын және сақтандыру туралы құжатты алып жүрмеуге мүмкіндік бар.

Естеріңізде болса, 2019 жылдың қараша айында жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктің жаңа нұсқасы бекітілді. Қабылданған құжаттарға сәйкес жүргізуші куәлігі елеулі өзгеріске ұшырады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 2 қарашадағы № 953 бұйрығы бойынша 2014 жылы шығарылған "Жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлік бланкілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Жаңа жүргізуші куәлігінде чип құжаттың артқы жағында орналасады. Сондай-ақ чипке көлік иесі мен жүргізуші куәлігі иесінің саусақ іздері енгізіледі. Бұдан бөлек көліктің техникалық төлқұжатында біраз өзгерістер болды. Құжаттың сыртқы дизайны ауысып, артына көліктің иесі туралы мәліметтер сақталған чип орнатылады. 

 
А. Рысдәулет