Көлік рөлі неге дірілдейді? Басты 5 себеп

Көлік рөлі неге дірілдейді? Басты 5 себеп
Фото: WallCars.net, e-wiki.org, AutoFlit.ru

Темір тұлпарды тізгіндеген жандар үшін кездесетін қиындықтардың бірі - көлік рөлінің дірілдеуі. Өз көлігіңнің мұндай "ауруы" жоқ болса да, кейде өзгенің рөліне отырғанда мұны сезінуіңіз мүмкін.

Көлік рөлі дірілдеуінің түрлі себептері бар. Авто жөндейтін орталыққа асықпай тұрып, өзің бір қарап шығуға да болады. Өйткені оның себебі қарапайым ғана болуы да мүмкін.

1. Дөңгелектегі лай мен мұз

Көліктің рөлі дірілдесе ең алғаш дөңгелекке қарау керек. Егер сірескен батпақ, болмаса қатқан мұз болса тезірек жуып тазалаған жөн. Себебі дөңгелектегі кедір-бұдырлар көлікке үйлесімсіздік (дисбаланс) жасайды. Нәтижесінде рөл дірілдейді.

Егер дөңгелекті тазалағаннан кейін рөлдің дірілдеуі басылса, онда қиындықтың оңай шешілгені.

2. Дискінің бүлінуі

Дөңгелекке қарағанда дискіге де назар салыңыз. Дискі майысқан болса да рөл дірілдейді. Одан өзге дөңгелекте түйін (шишка) жоқ екеніне де көз жеткізіңіз. Екі жағдайда да жүргізуші үшін қиындық туындайды. Сондықтан тезірек жөндеткеніңіз абзал.

3. Үйлесімдікті сақтайтын темірдің түсіп қалуы

Көлік дискісіндегі үйлесімдікті сақтайтын темірді жүргізушілер жақсы білсе керек. Жол нашар болып, бір жағындағы бұл темір түсіп қалса да қиындық туындайды. Әсіресе алдыңғы дөңгелектегісі түссе рөл дірілдей бастайды. Машинаны басқару да қиындайды.

4. Рөлдің тарту ұштығы бүлінгенде

Автокөлік рөлі босап кеткен тарту ұштығынан да (рулевой наконечник) дірілдейді. Ұштықтың топсасы әрқашан серіппелі әрі белгілі бір күш түскенде ғана бұрылу керек. Кейде сол ұштық өз корпусында салбырап босап кетеді. Осыдан барып рөлге діріл келеді.

5. Айтарлықтай бұзылу салдарынан

Рөлдің дірілдеуі жоғарыдағы себептер салдарынан болмаса, арнайы маманға көрсеткен жөн-ақ. Себебі көлікте айтарлықтай ақау болуы мүмкін. Әсіресе білігін (карданный вал) қарау керек.

Ө. Сансызбай