Науқасқа тұңғыш рет 3D принтерде басылған жасанды көз салынды

Науқасқа тұңғыш рет 3D принтерде басылған жасанды көз салынды
Фото: twitter.com/MoorfieldsBRC

Британдық офтальмологтар әлемде тұңғыш рет 3D принтерде басып шығарылған көз протезін орнату отасын жасады.

Daily Mail басылымының хабарлауынша, жасанды көз 20 жыл бұрын сол көзінен айырылып, содан бері көз протезін қолданып жүрген Стив Верце есімді науқасқа қондырылған. Әр ол осы уақытқа дейін 5 жыл сайын протез ауыстырып келген.

Жаңа протездің артықшылығы – оның қызмет ету мерзімі ұзақ және жасау мен орнатуға аз уақыт кетеді.

Науқас жаңа "көз" бұрынғыға қарағанда шынайы көзге жақынырақ, өзіне деген сенімділікті арттыруға көмектесетінін айтады.

Ота Британдық Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қаржыландыратын зерттеудің бір бөлігі ретінде жасалды.

Көзі көрмей қалған британдықтардың көпшілігі қазір отадан кейін көз протезін орнату үшін 4-5 ай күтуге мәжбүр. Протезді дайындауға және орнатуға тағы 6 апта кетеді.

Жаңа әдістеме бұл кезеңді 3 аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді және протездің шынайы көз сияқты көрінуін қамтамасыз етеді.

3D принтерде көз протезін басып шығару үшін 2,5 сағат қана керек.

Т. Раушанұлы