Бағдаршамның түсі қалай таңдалған?

Бағдаршамның түсі қалай таңдалған?
Фото: pixabay.com

Тұңғыш бағдаршам 1868 жылы Лондондағы Британия парламенті ғимаратының алдында түнгі уақытта жүретін арба-көліктердің қозғалысын бақылауға арнап орнатылған екен. Оны ойлап тапқан Джон Найт теміржолда қолданылған семафорларды құрастырумен айналысқан маман еді.

Алғашқы бағдаршамның екі ғана семафорлық қанаты болған. Көлденеңінен орналасқан қанат "тоқта" дегенді білдірсе, 45 градус бұрышқа еңкейтілген белгі "абайлап өтіңіз" дегенді білдірді.

Бағдаршамның түстерін таңдауда Джон Найт теміржол семафорасына басымдық берген. Ол қызыл, жасыл және ақ түстерді таңдап алды. Алайда ақ түс кейін қажет болмай, тек қызыл мен жасыл түс қалған. Арада бір ай өткенде бағдаршам шамында газ шығып, жарылады. Салдарынан бағдаршамның жұмысын реттеп отырған сақшы қызметкерді өрт шалады.

Осы оқиғадан соң Еуропада бағдаршамды қолдануға тыйым салынады. Тек жарты ғасырға жуық уақыт өткенде америкалық инженер Эрнст Сиррин автоматты түрде жұмыс істейтін бағдаршамды ойлап тапқан. 

Көз үйренген үш түсті бағдаршамның алғашқы нұсқасы 1920 жылы Нью-Йорк пен Детройтта қойылды. Қызыл мен жасыл түстің ортасына сары түсті қосқан. Бұл үш түстің жарық толқыны ұзын болғандықтан жүргізушілер бағдаршамды алыстан көре алады. Оның ішінде қызыл түстің жарық толқыны ең ұзыны саналады. Бұған қоса дихроматия ауруына шалдыққан адамдар түстерді тек олардың жарықтығына, яғни спектрі бойынша ғана ажырата алады. Жылы тондар спектріне қызыл, сарғылт және сары түстер кіреді. Ал суық спектрдің тізімінде жасыл, көк, күлгін түстер бар. Сондықтан да, бағдаршамды құрастырғанда түстерге осындай айрықша мән берген.

1914 жылы 5 тамызда АҚШ-тың Кливленд қаласында заманауи бағдарамшның тұпнұсқасы жасалған. Алайда оның тек қызыл және жасыл түсі болған. Дәл осы күнді ескере отырып, жыл сайын 5 тамызда "Халықаралық  бағдаршам күні" атап өтіледі.

А. Рысдәулет