Жасанды интеллектінің қолынан не келеді? Мыңнан бес мысал

Жасанды интеллектінің қолынан не келеді? Мыңнан бес мысал
Фото: lg.com

Жасанды интеллект смартфондағы қосымшадан бастап күрделі техникаға дейін еніп, жетіліп келеді. Massaget.kz жасанды интеллектінің қолынан не келетінін бес мысалмен көрсетеді.

Remove.bg

Бұл сервис суретегі объектіні танып, фонын алып тастай алады. Әрдайым мінсіз қиып шығады деуге келмейді. Әсіресе фонға ұқсаған объектілерді дұрыс ажырата бермейді. Дегенмен оны фоторедактормен өңдеп жіберсе болады.

Қалай болғанда да Remove.bg уақыт үнемдеуге жақсы. Бірнеше секунд ішінде дайын болған суретті png форматта жүктеп алуға болады.

Letsenhance

Жасанды интеллектіге негізделген бұл сервис сурет сапасын жақсартып, сонымен бірге көлемін үлкейте алады.

Сервиске тіркелгеннен кейін суретті сілтеме, Google Drive арқылы және құрылғыдан жүктеуге болады. Сервис сапасы нашар суретті өңдеп береді немесе сапасын сақтай отырып сурет көлемін 2, 4, 8, 16 есе үлкейтеді.

Petalica Paint

Алгоритмге сурет сызбасын жіберсе, оны аниме кейіпкеріне ұқсатып бояп береді.

Осы сияқты Bubble Face сервисі дайын фотосуретті комикс стиліне ұқсатып өңдеп береді.

AutoDraw

AutoDraw жасанды интеллект арқылы кез келген шимайды әдемі белгішеге, суретке, шағын иллюстрацияға айналдырып жібереді.

Сервисте шағын символдардан бөлек бірнеше белгіше мен фигураны біріктіріп, тұтас иллюстрация жасауға болады.

Semi-Conductor

Google жасаған бұл жобаның көмегімен әр адам дирижер кейпіне еніп, оркестрді басқара алады. Ол үшін сайттың камераға рұқсат алу туралы сұранысын қабылдап, экрандағы сұлбаға денені сәйкестендіру керек. Ары қарай оркестрдің жұмысы сізге байланысты.

Massaget.kz