Ғылым мен фантастика: Никола Тесланың өнертабысы

Ғылым мен фантастика: Никола Тесланың өнертабысы
Фото: spiritwarrior.ru

"Біз жаратылыстың ең үлкен құпияларын ашуымыз керек. Тіпті өлімнің өзі  өмірдің соңы болмауы мүмкін".
Никола Тесла

***

Электромобилдерімен танымал Илон Масктың компаниясы Tesla  не үшін Tesla аталғаны ешкімге жұмбақ емес. Өмірінің соңына дейін әсіресе өлімінен кейін де әйгілі ғалым Никола Тесланың ізінен түрлі аңыздар ерді. Өз заманында оны бір топ "ұлы ғалым" деп атаса, екінші топ оны "айлакер" деп, өнертабыстарын күлкі етті. Міне, осындай мазақтың кесірінен ол өзі ойлап тапқан электрокар қозғалқышын жойып жіберген екен. Бүгін де Тесланың өнертабысы мен болжамы бір-бірлеп жүзеге асып келеді.

©russia.tv

Өз заманының Да Винчиі

Тапқырлығының арқасында өз заманының Леонардо да Винчиі атанған Никола Тесла теңдесі жоқ өнертабыстары үшін "болашақ адамы" деп танылды және айнымалы ток ойлап табумен "әлемге жарық шашқан данышпан" атағына ие болды.

Оның өзі "бүгін үшін емес, болашақ үшін" жұмыс істейтінін айтқан екен. Инженерияны өзгерткен Тесла атына патенттелген 300-ден астам өнертабыс бар. Мысалы заманауи электрмен жабдықтау жүйесі, компрессор, өндірістік желдеткіш, су сорғы, электр есептегіш, жиілік өлшегіш, рентген аппараты, автомобиль спидометрі, люминесцент лампалар, электр сағаты, электротерапия жабдықтары – бәрі де Тесланың жұмысы.

Өнертапқыш сонымен қатар электр энергиясымен жүретін вагондарда, дрондарда, локомотивтерде, бу турбиналары үстінде жұмыс істеген. Ол өзінің ғылыми жұмыстарында робототехниканың алғашқы негізін қалап, интернет пен заманауи гаджеттердің пайда болуын болжаған.

©naked-science.ru

Электрді мысықтай қолға үйреткен ғалым

Тесла 1856 жылы Смилян (сол кезде Австрия империясы, қазіргі Хорватия) деп аталатын ауылда дүниеге келген. Әкесі жергілікті діни қызметкер болған және ұлының өз жолымен жүруін қалаған. Бірақ Тесла басқа жолды таңдады.

Электр энергиясын басқару идеясы Теслада бала кезінде-ақ болған. Бірде Никола мысығын сипап жатқанда, қолы мен мысық жүні арасында ұсақ ұшқындар пайда болғанын байқайды. Әкесі найзағай мен ұшқынның табиғаты бірдей, электр қуатын мысықтай қолға үйретуге болады, бірақ бұл өте қауіпті екенін түсіндіреді. Кейін тәжірибелер арқылы ол электр тоғын қолға үйретті. Үнемі электромагниттік өріспен жұмыс істеу нәтижесінде қараңғылықта өте жақсы көретін болған.

Тесланың фобиясы

Әйгілі ғалым инфекциядан қатты қорыққан. Сондықтан адамдармен қол беріп амандаспаған, қолын жиі жуған, мейрамханадағы ыдысты пайдаланудан бұрын мұқият сүртіп шығатын, әсіресе маса, шыбын-шіркей қонған тағамды жемейтін болған.

©relecura.com

Электр шайқасы: Эдисон мен Тесла

Кезінде Тесланың айнымалы ток өнертабысын басқа ғалымдар "кең қолдануға жарамсыз" және "қажетсіз, қиындығы көп" деп бағалады.

Сол кезде тұрақты тоқты қолданудың жақтаушысы ретінде шыққан Томас Эдисон Теслаға қарсылас болды.

Осы екі ғалым ұсынған екі өнертабыстың айырмашылығы мынадай:

Эдисонның тұрақты тоғы тек бір бағытта қозғалады, оны алысқа (3 км-ден астам) таратуда кедергілер көп. Сымның ішінде қозғалатын энергияны беру кезінде арақашықтық ұлғайған сайын қарсылық та жоғарылайды, ал қызу нәтижесінде энергия шығыны артады, бұл өте қауіпті. Сондықтан электр энергиясын көп мөлшерде беру үшін не сымның енін ұлғайту керек (қымбат), не қысымды күшейту керек болады.

Ал Тесланың айнымалы тоқ күші секундына бірнеше рет бағытын өзгерте алады, үлкен қысым кезінде де аз шығынмен алысқа жетеді.

Электр қуатын алысқа қалай беру керек? Тұрақты тоқ негізінде немесе айнымалы ток негізінде? Бұл ғылыми пікірталас тарихта "электр соғысы" ретінде қалды.

Айнымалы ток сол кезде ғылымға белгілі болғанымен, оны пайдалану бір фазалы болғандықтан қолдану мүмкін емес деп саналды. Бірақ Teсла айнымалы тоқтың көп фазалы болуы мүмкін екенін дәлелдеді. Оның үстіне, ғалым бұрын-соңды ешкім жасай алмаған айнымалы тоқ үшін генератор мен қозғалтқыш құрастырды.

Тесла бұл құрылғының патентін Джордж Вестингаузқа 1 миллион долларға сатты, ал Вестингауз генераторды өз заманындағы ең ірі электр станциясы Ниагара сарқырамасы гидроэлектростанциясына пайдаланды.

Тұрақты тоқ арқылы үлкен бизнес империясын құрған Томас Эдисон қарсыласының беделін түсіру үшін айнымалы токтың қауым алдында қаупін көрсетті. Ол осы тоқпен жануарларды өлтірді. Эдисон адамдарды айнымалы тоқпен өлтіруге болатынын айтты. Осыдан соң тұтқындарды өлім жазасына кесу үшін қолданылатын электр орындық ойлап табылды.

Бұған жауап ретінде Тесла тіпті ғалымдарды таңғалдыратын шоу өткізді – ол өз денесінен айнымалы тоқты өткізіп, шам жақты.

Электр шайқасы 100 жылдан астам уақытқа созылады. Тіпті екі ғалым қайтыс болғаннан кейін де жалғасты. Дау Нью-Йорктегі қуат көзі тұрақты тоқтан айнымалы тоққа ауысқаннан кейін ғана ресми түрде аяқталды.

Бүгінде Тесланың айнымалы тоғы үлкен өнеркәсіптерді электрмен жабдықтауға, ал Эдисонның өнертабысы шағын үй шаруашылығына қуат беру үшін қолданылады.

©huckberry.com

Қауіп пен тартылыс қиылысы. Тесла трансформаторы

Тесла трансформаторы (Tесла катушкасы) – ғалымның ең таңғажайып өнертабысы, ол бүгінге дейін көптеген шоуларда қолданылады. Жоғары жиілікте қысым тудыратын бұл трансформаторды Тесла жоғары кернеулерде жұмыс істеу үшін жасаған.

Катушка өте қауіпті болып көрініп қана қоймай, өзінің таңғажайыптығымен таң қалдыратын. Трансформатордан шыққан электр найзағайларды еске түсіретін. Электр тоғы бірнеше метрге ашық түрде таралады.

Ворденклиф мұнарасы – интернеттің әкесі

Тесла заманауи гаджеттер мен интернеттің пайда болуын болжаған. Ворденклиф мұнарасы немесе Тесла мұнарасы деп аталатын жоба энергия мен ақпарат ағынын беру үшін табиғи жиіліктерді пайдалануды көздеді.

Ворденклиф мұнарасы
©tesla-sochi.ru

Бұл, қазіргі тілмен айтқанда, сымсыз байланыс, энергияны сымсыз беру прототипі болды. Шын мәнінде, бұл жоба эфир немесе ауа ағындары арқылы энергияны таратуға және қабылдауға мүмкіндік беруі керек еді.

Тесланың өзі жобаны былайша сипаттайды:

"Егер бұл жоба іске асатын болса, Нью-Йоркте тұрған кәсіпкердің тапсырысы бірден оның Лондондағы кеңсесінде немесе әлемнің кез келген жерінде пайда болады. Ол өзінің жұмыс орнында сол жабдықты қолдана отырып, планетадағы кез келген абонентке қоңырау шала алады. Қол сағатының көлеміндей құрылғы оның иесіне суда да, құрлықта да музыка тыңдауға, саясаткерлер мен ғалымдардың сөздерін алыстан естуге мүмкіндік береді. Кез келген кескін, символ, мәтін бір нүктеден екінші нүктеге дәл осылай беріледі. Миллиондаған осындай құрылғылар бір станциядан басқарылады".

Уақыт машинасынан телепортацияға дейін

Ғалым автомобильге арналған электр қозғалтқышында тәжірибе өткізген. 1931 жылы ол айнымалы тоқпен жұмыс істейтін машинаны көпшілікке көрсеткен. Тесла элетрокарының ерекшелігі – көлік 150 шақырымды бір сағатта басып өтіп, толық қуаты бір аптаға жететін. Бұл өнертабысты сол кезгі адамдар мазақ, күлкімен қабылдайды.  Қозғалтқыштың сызбалары сақталмаған.

©mif.ru

Аңыз әңгімелер

Тесла ғылым мен фантастиканың дәл сызығында тұрған қауіпті тәжірибелердің адамы болған.

Тесланың атауы сонымен қатар әртүрлі аңыз әңгімелермен де байланысты. Ол күніне 4 сағат қана ұйықтаған дейді. Сондай-ақ, жат планеталықтарды көрді деген де сыбыс бар.

Расталмаған мәліметтер бойынша, оның кейбір өнертабыстары басқа ғалымдар тарапынан сын, мазақпен қабылданғаннан кейін, өзінің ғылыми әзірлемелері бар архивті "адамзат менің өнертабыстарымның ұлылығына әлі дайын емес" деп өртеп жіберген деседі.

© wikipedia.org

Филадельфия тәжірибесі

Тесланың есімімен байланысты танымал аңыздардың бірі – бұл "Филадельфия тәжірибесі". Ол ғылыми фантастика мен әдебиетте де жазылып келеді. Тесла АҚШ әскери күштерімен байланыста болған деген қауесет бар. Бірлескен жобалардың бірі телепортация (уақыт пен кеңістіктегі қозғалыс) және кемелерді радарлардан қорғау технологиясы болған екен. Бірақ бұл жобалар аяқталмай ғалым жүрек ауруынан қайтыс болады.

"Элдридж" кемесі 

Ол қайтыс болғаннан кейін де, ғалымдар әзірлемелерге сүйене отырып, әскери жобаны жалғастырды. "Элдридж" деп аталатын кеменің айналасында эксперимент ретінде құрылған электромагнит өрісі оны радарларға ғана емес, адам көзіне де көрінбейтін етеді. Тіпті олар кемені экипажымен бірге эксперимент өтетін жерден 200 шақырым қашықта көрді деп айтылады. Экипаж мүшелері осы оқиғадан кейін уақыт пен кеңістік арасындағы мөлшерді жоғалтады. "Филадельфия тәжірибесінің" шынымен осылай аяқталғаны расталмаған.

Өлімінен біраз бұрын Тесла 10 мың ұшақты жоюға қабілетті энергияны қамтитын "өлім жарығын" құрастырғанын мәлімдеген екен. Ол сондай-ақ уақыт машинасында, ақыл-ойды түсіретін фотоаппарат, телепортация құрылғысы үстінде тәжірибелер өткізді деген сыбыс бар.

Тесла өнертабыстары адамдар түгіл ғалымдарды да әлі күнге дейін таң қалдырып келеді.

Т. Раушанұлы