Генри Фордтың алғашқы көлігі

Генри Фордтың алғашқы көлігі
Фото: mydiscoveries.ru

Генри Фордтың автокөлік өндірісіне қосқан үлесі орасан. Шағын шеберханадан бастаған өнертабысы әлемдік өнеркәсіпке, өзі талайдың өнеге тұтар тұлғасына, "америка арманының" айқын үлгісіне айналды.

Эдисонның электрикалық компаниясында инженер-механик болып жұмыс істеген Форд алғашқы көлігін жұмысынан қол босаған уақытта жүріп құрастырған. Көлік құрастырып, инвестор табуды қалаған.

Шеберханада жатып құраған алғашқы көлігінің аты – Ford Quadricycle (Форд Квадрицикл). 1896 жылы жазда құрастырған. Төрт жағына төрт велосипед дөңгелегін қойып, төрт аттың күші бар мотор орнатып жасалған қолкөлік. Жоғарғы жылдамдығы – 32 км/сағат, багына 11 литр сұйық отын сыяды. Бак жалғыз орындықтың астында. Қозғалтқышы екі цилиндрлі, артқы жетек, трансмиссия берілісі екеу. Бірақ көлік артқа жүрмейді.

Форд көлікті 2 жыл тәжірибе жасап жүріп құрастырған. Ол кезде инженер 32 жаста болған екен. Көлікті осы жылы 4 маусым күні сынақтан өткізген.

Бір қызығы, ұстаханасында құраған көлігін оның есігінен шығара алмай біраз дал болған көрінеді. Содан шеберхананың қабырғасын құлатуға тура келген.

ХІХ ғасыр автомобиль өндірісі дамуға бет алған ғасыр еді. Инженер-механиктердің көбі көлікті электрқозғалтқыштан құрастыруды жөн көретін. Ал бензин мотордың болашағы бұлыңғыр болып көрінді. Ал Фордтың бірінші көлігі де бензин қозғалтқыш болғандықтан, инвесторлардың да бірден қаржы құюға батылы жетпеді.

Бірақ алған бетінен қайтпаған Форд көлікті қаржы иелеріне таныстырудан жалықпады. Алғаш алған инвестициясы – 28 000 $. Төрт инвестордан жиналған қаржы. Сол ғасырдың өзінде бұл аз ақша саналатын.

Ал шеберханадан бастаған Генри Форд алты жылдан кейін компания құрып, 1908 жылдан бастап әлемдік абырой мен танымалдық әкелген Ford Model T маркалы көлік құрастыруға кірісті.  

Қазір Форд Квадрицикл Мичиган штатындағы Детройд қаласы маңындағы шағын қалашықта, музейде тұр.

Қ. Слямбек