Пентагон белгісіз ұшатын нысандар видеосын жариялады (видео)

АҚШ қорғаныс министрлігі  – Пентагонның ресми сайтында белгісіз ұшатын нысандардың видеосы жарияланды.

Әскери ұшақпен түсірілген видеода белгісіз нысанның ұшаққа да, тік ұшаққа да ұқсамайтыны көрінген.  

Вирджиниядағы VFA-11 дивизиясының ұшқыштары 2014-15 жылдары Парсы шығанағына ұшу алдындағы жаттығулар кезінде белгісіз заттарды байқаған.

Ұшқыштар алғаш рет белгісіз нысандарды байқағанда радар дұрыс жұмыс істемей тұр деп ойлаған. Бірнеше күннен кейін лейтенант Аккойн белгісіз ұшатын нысанды байқап, инфрақызыл спектрдің көмегімен оның бағытын анықтаған. Лейтенат Грэйвздың айтуынша, белгісіз нысандар әртүрлі биіктікте ұшқан. Олар кейде теңіз деңгейінен 9 шақырым биіктікке көтерілсе, кейде төмен, баяу, ал кейде дыбыс жылдамдығынан жылдам ұшқан. Лейтенаттың айтуынша, белгісіз нысандар әуеде 12 сағат ұшқан, әскерилер осынша уақыт олар неден энергия алып жатқанын түсінбеген.

"Олар біз күткеннен 11 сағат артық ұшты", - дейді лейтенант Грэйвз.

Бастапқыда ұшқыштар белгісіз нысан "ауа қауіпін анықтау бағдарламасының" бір бөлігі деп ойлаған. Бірақ 2014 жылы ұшақтар "ұшатын тәрелкемен" соқтығысып қала жаздаған. Сол уақытта белгісіз нысан ұшаққа 30 метрге дейін жақындаған. Содан кейін үкімет Парсы шығанағында ұшақ сынақтарын өткізбеуге шешім қабылдаған.

Агенттіктің мәліметінше, үш видеоның бірі 2004 жылдың қарашасында, ал екеуі 2015 жылдың қаңтарында түсірілген. 2007 және 2017 жылдары олардың барлығы желіге Пентагонның рұқсатынсыз жарияланған. АҚШ қорғаныс істері департаменті бұл видеолардың Әскери-теңіз күштерінде түсірілгенін растады және түрлі қауесеттердің таралуын болдырмас үшін бейнелерді жариялаған.

Айта кетейік бұған дейін біз АҚШ ұшқыштарының белгісіз насандарды көргенін жазған едік. Видеоны АҚШ теңіз күштері түсірген. Бұл құпия бейнелерді белгісіз біреу youtube-қа Gimbal және GoFast деген атпен жүктеп, бәріне қолжетімді етіп таратқан. 

Видеодағы нысандар расында да өзге ғаламшарлықтар ма?

“Gimbal” аталатын видео 2004 жылы Калифорния жағалауында USS Nimitz әуекомпаниясының ұшқыштары түсірген. Екінші “GoFast”-ты 2015 жылы F/A-185F жойғыш ұшағының камерасымен түсірілген. Екі видеода да  белгісіз нысандар қазіргі заманауи ұшақтардың ешқайсысы жасай алмайтын “маневрлар” жасайды.  Шынында да әскери ұшқыштар жат планеталықтарды кездестірген бе? АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ресми өкілі Джозеф Градишераның айтуынша, ұшқыштар жат планеталықтарды бақылады деп айту ертерек. Бірақ, олар, шынында да белгісіз нысандарды көрген. Оның не екенін ешкім түсіндіріп бере алмайды.  Әскери қызметкерлер бұл құбылысты жат планеталықтармен байланыстырғысы келмейді, тек, ресми түрде белгісіз нысандарды: “анықталмаған әуе құбылыстары” деп атаған.