Арнайы маманданған 3 іздеу жүйесі

Арнайы маманданған 3 іздеу жүйесі
Фото: dribbble.com/SanniSahil

W3counter сараптауына сай, 2019 жылы ең көп пайдаланылған іздеу жүйелері рейтингінде Google, Yahoo!, bing, Baidu, Yandex сынды алпауыттар алда тұр. Коммерцияға бет бұрған бұл жүйелер қолданушының кейбір талаптарына жауап бермеуі мүмкін. Назарыңызға арнайы маманданған 3 іздеу жүйесін ұсынамыз.

DuckDuckGo

DuckDuckGo – максимал приват әрі конфиденциал жүйе. Ол қолданушының ешқандай дерегін, парақшалар легін (история) сақтамайды және мұнда cookie файлдар барынша шектелген.

"DuckDuckGo қолданушылардың жеке дерегін жинамайды, пайдаланбайды. Бұл – біздің құпия сақтаудағы ұстанымымыз", - дейді іздеу жүйесінің негізін қалаған Гэбриел Вайнберг (Gabriel Weinberg).

DuckDuckGo құолданушының бұрын қараған парақшаларынан тәуелсіз объектив нәтижелерді ұсынады және Google мен Yandex сияқты тақырыптық жарнамадан ада. Сондай-ақ ағылшынша мәтін іздегенде тек браузердегі тілге сүйенбей іздеуге мүмкіндік бар. Ол үшін баптаудан керек тілді таңдау керек.

FindSounds

FindSounds – тек дыбысқа маманданған іздеу жүйесі. Ол ашық дереккөздерден түрлі дыбыстарды тауып береді. Мысалы табиғат, көлік, түрлі заттардың дыбысын бірден тыңдап, жүктей аласыз. Баптаулардан керек формат пен сапаны белгілеп іздеуге болады.

Wolfram|Alpha

Wolfram|Alpha – есептеуіш іздеу жүйесі. Ол мақалалар сілтемесінің орнына қолданушының нақты сұрағына нақты жауап шығарып береді. Мысалы ағылшын тілінде "Вашингтон мен Чикаго тұрғындарын салыстыру" деп іздесеңіз, Wolfram|Alpha бірден дайын кесте мен мәліметтерді ұсынады.

Сервис желіде бар ақпаратты өзі тауып шығарады. Ал мұндай ақпарат болмаған жағдайда іздеу жүйесі өзі есептеп, шешімін береді. Қолданушы тек нақты жауапты көре алады, іздеу нәтижесінде артық ақпарат жоқ.

Wolfram|Alpha – студент, сарапшы, журналист, ғалымдарға жақсы көмекші.

Massaget.kz