Марста тіршілік ету мүмкін бе? (видео)

Айға ұшу, ғарышты игеру, Марсты зерттеу – мұның бәрі соңғы уақытта адам Күн жүйесін толықтай зерттеуді қолға алғанын білдіреді. Адамзат басқа да ғаламшарларда өмір сүруге ынтық. Алдағы уақытта мұны жүзеге асырамыз деп құлшынып отыр. Бұл қаншалықты шындық? Біз басқа ғаламшарларда өмір сүре аламыз ба?

Жалпы, ғарыш әлемін игеру үшін Қытай мен Америка арасында бәсеке қызу жүріп жатыр. Әсіресе Илон Маск пен Джеф Безос сынды америкалық миллиардерлер ғарыш әлемін зерттейтін өз компанияларын құрғаннан соң бұл бәсеке тіпті қыза түсті.

Илон Маск Марсты, Джеф Безос Айды бірінші болып игеруді қалайды.


"Біз Жер бетінен кетеміз, кетуге мәжбүрміз. Қалғысы келгендер қала берсін. Миллиондаған адамдар айда жұмыс істеп, жер бетіндегі ауыр өнеркәсіптік нысандарды сол жаққа көшіруге болады. Бұл Жер бетіндегі тым асқақ қажеттіліктерді өтеудің бірден-бір жолы", – деген еді Безос.

Ал жаңа идеяларды жүзеге асырудан шаршамайтын Илон: "100 жыл ішінде Марс бетін Жер сияқты суы мол, ауасы саф планета етемін" деп айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Біз бұл туралы “Масктың Марсқа қатысты 100 жылдық жоспары” атты көлемді мақаламызда айтқан едік.

NASA жариялаған Қызыл ғаламшардың бүгінгі көрінісі

Илон Маск Қызыл ғаламшарды отарлауды армандайды. Бұл арманын 2000 жылдары SpaceX компаниясының негізін қалағанда-ақ жүзеге асыруды бастап кетті. Ол NASA ғарыш агенттігінің бұл іске селқос қарап жатқанын, 4-5 жыл арасында Марс планетасына адам жібермейтінін біліп, бұл істі өзі тәуелсіз жүзеге асыруды бастады. Оның ойынша, кезі келіп адамдар Жер шарын тастап кетеді. Сол кезде адамзаттың жаңа мекені Марс сияқты ғаламшарлар болмақ екен.

Сонымен, 2024 жылы америкалық кәсіпкер Илон Маск алғашқы рет адамдарды Марсқа жіберуді жоспарлап отыр. Олар Қызыл планетаны зерттеп қана қоймай, Жерден тыс пайдалы ресурстарды белсенді іздеумен де айналысады. Алайда, осындай маңызды оқиғаның жалпы эйфориясына қарамастан, болашақ миссияның қарсыластары көп. Мысалы, 2014 жылы БАӘ үкіметі мұсылмандардың Марсқа ұшуына тыйым салатын заң шығарды. Олардың пікірінше, бұл ғаламшарға ұшу адамның өзіне-өзі қол жұмсауымен бірдей. Ал әлемдегі бірқатар ғарыш агенттіктері Қызыл планетада тұрақты колония құру ұзақ қашықтыққа байланысты пайдасыз инвестиция болуы мүмкін деп санайды. Жерден Марсқа қажетті ресурстарды тасымалдау үшін жүк тасымалын арзандату мүмкін емес.

Жер мен Марстың ұқсастығы

Жалпы, Марс пен Жердің арасында ұқсастықтар өте көп. Салыстырып көрейік:

1. Жер шарының ауданы 510 072 000 шаршы шақырым болса, Марстың ауданы 144 800 000 шаршы шақырым. 

2. Жер бетіндегі тәулік 23 сағат, 56 минут, 4 секунд болса, Марстағы тәулік 24 сағат, 40 минут.

3. Жер бетіндегі жыл 365 күн болса, Марс ғаламшарындағы 1 жыл 686,971 тәулік. Яғни ек жылға жуық. 

4. Марста да 4 мезгіл бар. Бірақ ол біздегідей 3 айға бөлінбейді. Марстың көктемі 7 ай, жазы 6 ай, күзі 5 айдан аса, қыс 4 айға созылады.

Ең бастысы жақында ғалымдар Марста су бар екендігін дәлелдеді. 

Марста тіршілік ету мүмкін бе?

Марсқа жету үшін адам ең аз дегенде 225 миллион шақырым жол жүруі керек. Әрине, ол  адамзаттың әлі ұзақ планетааралық саяхаттар жасау үшін қажетті технологияның жеткілікті деңгейде болмауына байланысты, Марсқа ұшу өте іш пыстырарлық болады. Және бұл қашықтық ең табанды, ең тәжірибелі ғарышкерді де психикалық ауытқушылыққа ұшыратуы мүмкін. Ғарышкерлер Марсқа аяқ басқан күннің өзінде Қызыл планетаның қаһарлы суығы мен қолайсыз ауа райына қарсы тұруы керек. 

Марстанушы ғалымдардың мәліметтері бойынша, ғарышкерлердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін негізгі проблемалар планетадағы салмақсыздық, атмосфера мен оттегінің аздығымен бірге  радиацияның жоғары деңгейі болмақ. Марс Антарктикадан да суық. Сонымен қатар, кейде Марстың барлық жарты шарларын қамтыған қуатты шаңды дауылдар Қызыл планетаны отарлау процесін айтарлықтай баяулатады. 

Марстағы шаңды дауыл

Алғашқы қоныстанушылар өмірін сақтап қалу үшін: дауылды алдын ала болжауды үйреніп, баспаналар тұрғызып, апатқа ұшыраса Марс бетіндегі бүкіл колонияның жойылуына әкелуі мүмкін электрондық жабдықты қорғаудың жолдарын іздестіруге тура келеді.

Марсты отарлаған күннің өзінде сіз сыртта Жердегідей емін-еркін жүре алмайсыз, себебі Марс атмосферасының 95 пайызы көмірқышқыл газынан тұратындығына байланысты адамның тағдыры ешқандай сыртқы қорғаныссыз бірнеше минут ішінде шешіледі. Марста скафандр болса бірнеше күн, скафандрсыз 80 секунд өмір сүре аласыз. Марс атмосферасының 95 пайызы карбонат ангидрид газынан құралған. Температура: орташа -55 ° C, экваторда +20 ° C, Солтүстік полюсте -153 ° C. Бұл туралы біз “Адамзат басқа ғаламшарларда өмір сүре ала ма?” атты танымдық мақаламызда айтып өткен болатынбыз. 

Қорыта айтқанда, Марсты отарлау болашақтың еншісінде. Дәл бүгінгі технологияның жетістігі оған қауқарсыз. Бәлкім 100 жыл немесе 1000 жылдан соң Марстағы адамдар: “Марсты игеру ХХІ ғасырдың басында басталған еді” деп айтып отыруы да ғажап емес.