1960 жылы әлем халқының саны үш миллиардқа жетті. Ол кезде қала көшелері тыныш, адамдар тек өнер жайлы әңгіме айтып, тарихи жәдігерлерге сүйсініп қарайтын еді. Қазір әлем халқы 8 миллиардқа жуық. Ірі мегаполистер ағын суға ұқсайды. Құмырсқа жолындай созылған көшелер, ол көшелерде тынымсыз ағылған көлік, бітпейтін кептеліс, у-шу, асыққан адамдар. Ең қызығы, өтіп бара жатқан адамдардың көпшілігі көшедегі тарихи ғимараттар мен өнер туындыларына қарамайды. Көздері қолдарында ұстап бара жатқан айшылық алыс жерлерден хабар алдыратын, төрткүл дүниені бір экранға сыйдырған смартфондарда болады. Технологияның дамуы және интернеттің өркендеуімен қоғамның өзгергенін түсіну үшін бізге данышпан немесе социолог болудың қажеті жоқ.
Адамдарды бақытты ететін не?
Адамның бақытты екенін зерттеуге арналған ең қызықты ғылыми тәжірибелердің бірі 80 жыл бойы жүргізіліп келеді. Сіз ол туралы естіген де шығарсыз. Гарвардтағы атақты ғалымдардың Harvard Study of Adult бағдарламасы 1938 жылы басталды. Ұлы Депрессия кезінде зерттеушілер ұзақ және бақытты өмірге қандай факторлар әсер ететінін білгісі келген. Тәжірибеге Гарвардтың 268 студенті таңдалды, бірақ уақыт өте келе бақылау топтары кеңейіп, 1970 жылдары Бостонның 456 тұрғыны зерттеуге қосылған. Олардың 40-ы әлі тірі, бүгінде олардың жасы 90-нан асты. 10 жыл бұрын ғалымдар сынаққа олардың әйелдерін де қосты.
Ондаған жылдар бойы зерттеушілер қатысушылардың денсаулығын, өмірлеріндегі өзгерістерін, оның ішінде мансаптағы және жеке өміріндегі жеңістер мен сәтсіздіктерін бақылаған. Ең қызықты факт, екі жылға дейін ғалымдар қатысушыларды шақырып, олардың қызметін сұрап, жауаптарын жазып отырған. 80 жыл ішінде зерттеу авторлары өзгерді, бірақ қатысушыларды зерттеу тоқтаған жоқ. Ғалымдардың алған нәтижелері таңқаларлықтай болған. Зерттеулер көрсеткендей, ақша мен атақтан гөрі жақын қарым-қатынас адамдарды өмір бойы бақытты етеді екен. Бұл байланыстар өмірдің қиыншылықтарынан қорғайды, психикалық және физикалық денсаулықты сақтауға көмектеседі және әлеуметтік мәртебеге, IQ-ге, тіпті генге әсер етіп, ұзақ және бақытты өмір сүруді қамтамасыз етеді екен. Бұл тұжырым Гарвард студенттері арасында да, Бостон жұмысшылары арасында да барлық жерде шындыққа айналған.
Адамдар шын бақытты болуы үшін басқалармен қарым-қатынасы маңызды. Өткен ғасырдың ортасында адамдар арасында қарым-қатынас жақсы еді. Ал қазір қаланың қарбалас тіршілігі мен смартфон оған мойын бұруға мұрша келтірмейді. Қала берді, демалыс күндері үйден шықпай-ақ телефонға үңіліп уақыттың қалай өткенін аңғармай қаламыз.
Бұл өзгерістер біздің өмірімізге және бақытымызға қалай әсер етеді? Бұл сұрақтың жауабын білудің де уақыты көп қалмаған сияқты. Жақында ғана Гарвард ғалымдары екінші ауқымды зерттеуді бастады – енді олар тәжірибеге алғашқы екі топтағы адамдардың балаларының өмірін бақылайды. Нәтижелерді 15-20 жылсыз біле алмаймыз, алдағы уақытта біз технологиялар әлемді және өзімізді қалай өзгерткенін болжай аламыз.
Данбар саны
Адам өмір бойы сақтай алатын тұрақты байланыстардың саны – 150. Бұл британиялық антрополог, эволюционист-психолог және алғашқы мінез-құлық саласындағы маман Робин Данбардың тұжырымы. Данбар саны – бұл адамның тұрақты әлеуметтік байланыстар санының шегі. Мұндай байланыстарды сақтау адамның жеке ерекшеліктерін, мінезін, сонымен қатар әлеуметтік интеллектуалды қабілеттерін талап етеді. Олар 100-ден 230-ға дейін, көбінесе 150-ге тең деп саналады. Яғни бұрынғы буыннан бір-бірімен қалай танысқанын сұрасаңыз міндетті түрде бір кездесуде, туған күн немесе кеште танысқанын, араласқанын айтады. Ал бүгінгі әлеуметтік желілер бар жағдайда таныстықтардың көбісі виртуалды әлемде өтіп жатады. Және бұрынғыға қарағанда қиындау дегіміз келеді. Сондықтан бүгінгі жастардың достары аға буын өкілдерімен салыстырғанда аз екені айдан анық.
Виртуалды достар мен шынайы достар
Қазіргі әлемде әлеуметтік желілер мен профильдер үлкен рөл атқарады. Кейбір психологтар әлеуметтік желілердегі парақтарды иелерінің өздерінің жетілдірілген нұсқасын жасау деп атайды, өйткені әр адам басқаларға жақсы әсер қалдыруға тырысады және өзі туралы жалған ақпарат береді. Қазіргі кезде байланыстың өзі өзгерді, үстірт болып кетті. Интернет және Netflix сияқты ағындық қызметтердің пайда болуы, бір жағынан, бізге қиял еркіндігін берді, ал екінші жағынан, шынайы өмірде ұқсас қызығушылықтары бар адаммен танысуды қиындатты.
Сонымен қатар, Данбардың жұмысына сүйене отырып, әлеуметтік желілердегі достар саны 150 адамнан аспауы керек деген жалған қорытынды жасай аламыз. Бірақ шын мәнінде, біз достығымызға көптеген адамдарды қосамыз, олардың жартысы бір-бірін ешқашан көрмеген немесе ешқашан көрмейтін адамдар. Достар саны бүгінде дофамин көзі, яғни, жәй мақтан, бірақ бұл нағыз бақыт емес қой.
Жақында жүргізілген зерттеуге сәйкес, адам өмір бойына небәрі бес жақын адаммен байланыста бола алады. Сондықтан алғашқы бес адам әлеуметтік желілердегі арнаңызда бөлек көрсетіледі. Қалған 145 достармен байланыс анда-санда, мысалы, алты айда бір-бірімізді хабарласамыз, кейде “туған күніңмен” деп жазып жібереміз.
“Қара айна” сериалы енді сериал емес
Әлеуметтік фантастика фанаттары Чарли Брукердің “Қара айна” сериалының кем дегенде бір эпизодын көрген болса керек. Үшінші маусымдағы бірінші серия әлеуметтік желілердегі лайктардың әлеуметтік мәртебеге қалай әсер ететіндігі және қоғамдағы жағдайды анықтауы туралы баяндайды. Егер осы сериалда көрсетілген әлемдегі адамдар арасындағы қарым-қатынас асыра көрсетілсе де, ондағы шындық қисынсыз емес – мысалы такси жүргізушісіне клиент бес жұлдыздың біреуін бір-екі рет қойса, бүгінде жұмысынан айырылуы ғажап емес. Адамдарда оған деген сенімсіздік пайда болады. Басқа жүргізушіні таңдайды, тағысын тағылар. Қазір Қытай сынды алпауыт елдердегі адамдар арасындағы қарым-қатынас “қара айна” әлемі сияқты емес пе?
Әрине, интернет пен заманауи технологиялардың дамуы достық пен қарым-қатынасты ғана өзгерткен жоқ. Бүгінгі таңда интернет біздің өміріміздің барлық салаларына – негізгі қажеттіліктерден бастап ең сәнді заттарға дейін әсер етеді. Біз болашаққа қадам басқан сайын интернетке тәуелділік және оның біздің өміріміздегі рөлі артады деп болжау қиын емес. Қазіргі әлем ғаламтордың арқасында пайда болған жаһандық қалаға ұқсайтын шекараларды өшіріп тастады. Шынында да, бүгінде қарым-қатынас үстірт болғанына қарамастан, біз кез-келген адаммен, кез-келген уақытта, кез-келген жерде сөйлесе аламыз. Интернет сұлулық, денсаулық, сән, өмір салты, жеке гигиена және басқа да көптеген ақпараттар мен сұраныстар үшін өзіндік нұсқаулыққа айналды. Сонымен қатар, біз үйден шықпай жұмыс істеп қана қоймай, ыңғайлы орындықта отырып білім де аламыз. Интернет білім алмасудың үлкен алаңына айналды. Иә, біз бір-біріміздің жүзімізді көре алмайтын шығармыз, бірақ бізде Уикипедия бар.
Ақпарат жылдамдығының арқасында біздің әзіл-қалжыңымыз да өзгерді. Мысалы осыдан 20 жыл бұрын адамдар арасында танымал болған Friends сериалын қазіргі жастар сүйсініп көрмейді. Қазіргі буын алдыңғы буын талғамын түсінбейді немесе керісінше.
Технологияның дамуымен және интернеттің өркендеуімен біздің қоғамымыз қалай өзгерсе де, біз өзімізге тән ойлау қабілетіміз бар, басқалармен жақын қарым-қатынас қажеттілігі бар адамдар болып қала береміз. Мүмкін біздің әрқайсымыздың жасай алатын әрекетіміз алдымен – бұл бір минутқа тоқтап, қай бағытта және қайда бара жатқанымыз туралы ойланып алу керек шығар.