Ғарышкер болам деп едім мен бұрын...

Ғарышкер болам деп едім мен бұрын...
Фото: freepik.com

Бала кезде бәріміз ғарышкер болуды армандағанымыз рас. Әрбір бала ғарыш кемесінің не станциясының иллюминаторынан Жердің бейнесіне көз салып, тамашалауға қызығатын. Шынымен, астронавтар әлемдегі ең ерекше мамандықтың иелері. Дегенмен ғарыштағы өмір сіз ойлағандай оңай емес, оның да өзіндік ережесі бар. 

Астронавттар қалай ұйықтайды?

Шектеулі кеңістік, психикалық және эмоциялық қуатты қажет ететін жұмыстар, магниттті дауылдар — бұлардың бәрі ғарыш әлемін бағындырушылардың денсаулығына кері әсерін беретіні сөзсіз. Жер орбитасына ұзаққа сапар шегетін ғарышкерлер денсаулыққа зиянның аз келуі үшін бірнеше Күн шығуынан кейін көз іледі. Жерді айналып жүрген Халықаралық ғарыш станциясында астронавттар әрбір 1,5 сағат сайын Күннің шығуын көреді. Сол себепті олар 3-4 Күн шығыстан соң қолдан жасалған арнайы "қараңғы" бөлмеде көз шырымын алады. Оған қоса ұйықтап жатқанда төсектен "ұшып" кетпеу үшін арнайы ұйқыға арналған қапқа жатып, оның сыртынан арнайы белдікпен қыстырып қояды. 

Ғарышта дәретханаға барғыңыз келетін-келмейтінін білмейсіз

Гравитацияның болмауы адам денесіне әртүрлі әсер етеді. Соның бірі бұлшық ет салмағының азайып, сүйектердің әлсіреуі. Бұдан бөлек қашан дәретханаға бару керегін біле алмайсыз. Өйткені Жердегідей қуыққа түсетін қысым ғарышта болмайды. Сол себепті ғарышкерлер ұшу, қону кезінде және ашық космосқа шыққанда арнайы жөргектерді пайдаланады.

Ал Халықаралық ғарыш станциясында астронавттарға арнайы жабдықталған шомылу бөлмесі бар. Арнайы құрылғы барлық артық заттарды көпфункциялы "Прогресс" ғарыш кемесіне жөнелтеді. Ал ол өз кезегінде барлық қоқысты өртеніп кетуі үшін Жердің атмосферасына лақтырады. Тағы бір қызық жайт, астронавтар ғарышқа сапар шекпей тұрып станциядағы дәретхананы қолдануды үйрену үшін арнайы дайындықтан өтеді.

Жаттығудан соң ғарышкерлердің денесін бу басады

Салмақсыздықтың салдарынан бұлшық еттің өзгеруінің алдын алу үшін астронавтар күніне кем дегенде 2 сағат жаттығады. Белсенді жаттығудан соң ғарышкердің денесін басатын қара тер үлкен түйіршіктерге айналып, дененің әрбір жеріне жабысып қалады. Ғарышта әрбір сұйықтық бағалы болғандықтан терді арнайы сүлгімен сүртіп, оны сүзгіден өткізеді. Артынша оны ауыз су ретінде пайдаланады. 

Ғарышта жылаудың қажеті шамалы

Әртүрлі ауыр ойлардан арылып, өзіңе келудің бірден-бір жолы – жылап алу. Мұны ғалымдар біледі. Олар психологиялық қиындықтар туған кезде, ғарышкердің жылап алуына қарсы болмады. Тіпті, көз жасты ең керекті деп тауып, ғарышкерлерге де бірнеше рет ескертті. Өкінішке қарай, тәжірибеде бәрі де басқаша болып шықты. АҚШ ғалымдары тартылыс күшінің жоқ екенін ескермеген. "МИР" станциясындағы тәжірибелер барысында жылауға бел буған ғарышкерлер көз жастың көзден ақпай, ұсақ дөңгелектер қалпында сақталып қалатындығын байқаған. Тұзды сұйықтық көзде қалып қойды. Өйткені жас төмен қарай ағудың орнына, көздің айналасына жиналып ыңғайсыздық әкеледі. Түйіршікке айналған жас көзді ауыртып қана қоймай, тас секілді ұрылуы мүмкін. Мұнымен қоймай, ол тартылыс күшінсіз бойда тітіркенулерді туғызып, ішті қыздырған екен. Содан бері денсаулықта қиындықтар туғызбас үшін, ғарышкерлерге жылауға "тыйым салынады".

Астронавттар иіс сезу түйсігін жоғалтады

Жерде барлық дене сұйықтығы тартылыс күшіне бағынып, дене бойымен төмен қарай қозғалады. Ал ғарышта бәрі басқаша. Сұйықтық дененің әрбір бөлігіне жинала береді. Осының салдарынан ғарышкерлер иіс сезу түйсігін жоғалтады. Көп астронавттар иісті дұрыс сезбегендіктен тамаққа Табаско соусы мен ащы бұрышты қосқанды ұнатады.

Ғарышкерлер кір киімдерін өртеп жібереді

Халықаралық ғарыш станцияда жүргенде астронавтар күнделікті үйреншікті киімді киеді. Уақыт өте кір болған киімдерді қайта жуу мүмкін емес, сол себепті оларды арнайы қапқа салып, ашық космосқа жібереді. Камикадзе кемелер барлық қоқысты жинап, Жердің атмосферасында өртенеді. 

Ғарышта нан жеуге тыйым салынған

1965 жылы "Джемини-3" ғарыш кемесінің екі астронавты өздерімен бірге құпия түрде тұздаған ет қосылған сэндвич алып кірген. Халықаралық ғарыш станциясында нанның қоқымдары барлық жерге шашылып, кедергі келдірген. Ұсақ қоқымдар ғарышкерлердің көзіне түсіп, құрылғылардың арасына кірген. Осыдан кейін ғарышқа нан алып баруға тыйым салынды. Дегенмен қазіргі уақытта ғарыш станциясында қоқымсыз нан пісіру үшін арнайы құрылғыны жасау қолға алынған. 

Ғарышта ішімдік тұтынуға болмайды

НАСА ғарышта астронавттардың мас болып келеңсіз жағдайға ұшырамау үшін  ішімдік тұтынуға тыйым салған. Оның үстіне тартылыс күші жоқ жерде сыра тұтас көбіктенген ботқаға айналып кетеді.

Әлемдегі ең ерекше мамандықтың табысы қандай?

NASA ғарышкерлері ең жоғары жалақыны алу үшін GS-15 федералды қызметкерлерінің категориясына үміткер бола алады, бұл әскери полковник немесе капитан атағына тең. Осы позициялардағы жылдық жалақы - шамамен 155 мың доллар (шамамен 13 мың доллар немесе айына 5 миллион теңге). NASA ғарышкерлерінің қатарына қосылған әскери қызметкер өз жұмысында қалады, олардың жалақысы қорғаныс ведомствосының тәртібіне сәйкес есептеледі. Келлидің айтуынша, әскери қызметтегі астронавтардың айлығы сәл көбірек болады, өйткені олардың табысының бір бөлігіне салық салынбайды.

Жалақыдан бөлек ғарышкерлерге сауықтыру және демалыс айлығы беріледі, сонымен қатар, сақтандыру да бар, бірақ оның жарты құнын қызметкер өзі төлейді. Келлидің айтуынша, әскери астронавттардың артықшылығы бар: атап айтқанда, олардың зейнетақы төлеміне қатысты жағдайы неғұрлым тиімді. Ресейлік әріптестеріне қалағанда олардың жалақысы жерде немесе ғарышта жүргеніне байланысты емес, олар тек  іссапар ақшасын алады. 

Ғарышкерлер балмұздақты қатты сағынады 

Бірде NASA ғарышкерлерге "Жерден" нені сағынатынын сұрап, сауалнама жүргізеді. Космостағы ең сағынатын тамаққа пицца, газдалған сусын және балмұздақ жатқан. Ал құрғақ қатыру арқылы дайындалатын "ғарышкер балмұздағын" олар космоста ешқашан жеп көрмеген болып шықты.

 
А. Рысдәулет