ХХ ғасырдың екінші жартысында адамзаттың ғарышты бағындыру жолында КСРО мен АҚШ өзара бәсекелес болды. Адамның алғаш рет Айға қонуына дейін бұл ғарыш саласында КСРО АҚШ-тан сөзсіз алда еді. Мысалы, КСРО алғаш рет жасанды Жер серігін ұшырды, ғарышқа алғаш болып КСРО азаматы ұшты, ғарыш аппаратын Айға алғаш болып КСРО ұшырды, Айдың арғы бетін тағы да бірінші болып КСРО суретке түсірді. Жерге қайта оралған “Луна-9” аппараты да КСРО-ға тиесілі еді. Бәрін айт та бірін айт, ғарышта ашық кеңістікке зымыраннан алғаш болып шыққан да КСРО азаматы – Алексей Леонов еді. Осы нәтижелерге қарап отырсақ Айды алғаш бағындыратын ел КСРО болуы қажет еді. Бірақ олай болмады...
Ай үшін болған бәсекелестікте КСРО не себепті АҚШ-тан ұтылып қалды? Қарапайым сөзбен айтар болсақ, КСРО Айға ұшатын алып зымыран мен Айға қонатын модульді құрастырып үлгермеді. Бірақ сол ғана ма? Олай емес сияқты...
КСРО-ның Айға ұшу бағдарламасы қалай болды?
1962 жылы ел басшысы Никита Хрущев Айды айналып ұшатын ғарыш кемесін құру туралы және “Протон” зымыран тасығышын пайдалану туралы жоғары сатыдағы жарлыққа қол қойды.
1964 жылы Хрущев “КСРО зымыраны Айды 1967 жылы айналып ұшып, 1968 жылы Айға қонып, Жерге оралуы керек” деген бағдарламаға қол қойды. Егер бұл бағдарлама уақытында жүзеге асса, КСРО америкалықтардан бір жыл бұрын Айды бағындырып үлгеретін еді.
Кеңес Одағы Ай экипаждарын жасақтауды 1966 жылдан бастады. Жоспар бойынша Айға ұшатын зымыранда екі ғарышкер болып, біреуі Айдың бетіне түсіп, екіншісі Ай модулінде – орбитада қалуы керек еді.
Кеңес Одағының Айды бағындыру операциясы екі сатыдан тұрды. Біріншісінде, Жер серігін зымыран тасығыш “Протонның” көмегімен кеңістікке шығатын Л-1 ғарыш кемесімен айналып шығу болды.
Екінші кезең – қону, кері қайту. Ол үшін КСРО ғалымдары ең алып (биіктігі 105 метр) және КСРО-дағы ең қуатты бес сатылы H-1 зымыранын құрастырды. Оның жалпы салмағы 4,6 мың тонна болды. Отыз қозғалтқышпен жабдықталған негізгі зымыранның салмағы 2700 тоннадан асатын-ды. Ал Айға қонып қайта ұшу үшін Л3 аппаратын құрастырды.
Кеңестік “Ай” бағдарламасының сәтсіздікке ұшырауының себептері қандай?
1974 жылғы бағаммен 4 миллиард рубльге бағаланған Кеңестік Ай бағдарламасы жобасының сәтсіздікке ұшырауының негізгі себептері бірнеше: түрлі кеңестік жобалаушы бюролар арасындағы жоғары бәсекелестік, басшылар арасындағы бір-бірін көреалмаушылық, Королев пен Челомей басшылық жасаған кезіндегі жобалау бюросының арасында алауыздық, қаражатты ысырап ету, осы саладағы ең тәжірибелі маман Глушко құрастырған H-1 зымыран қозғалтқышын пайдаланудан бас тарту.
Бұл туралы ғарышкер, КСРО-ның екі рет халық қаһарманы атанған Алексей Леонов соңғы сұқбатында былай дейді:
“Королёв пен Глушко бірге жұмыс істеуді қаламады. Олардың қарым-қатынасында жеке басқа қатысты өз проблемалары бар еді. Мысалы, Сергей Королев халық жауы ретінде қудаланған кезінде оның үстінен арыз жазғандардың бірі Валентин Глушко екенін білетін. Ал Глушко мұны Королев білмейді деп ойлады”.
Королев пен Челомей арасындағы жанжал туралы Леонов былай деді:
“Королев пен Челомей арасындағы өте күрделі қатынас пен бәсекелестік ортақ іске пайда әкелмеді. Олар әрдайым кері тартып, бір-біріне қарсы болды. Келіспеушілік “Ай” бағдарламасының жеңілісімен аяқталды”.
Нәтижесінде күресте жеңіске жеткен Королев болды және оның конструкторлық бюросы жобалаған N-1 зымыран тасығышы жобаға жіберілді, оның көмегімен кеңес адамын Ай бетіне шығару жоспарланған болатын.
Бірақ бұл жоба сәтсіз болды. Алғашқы дайындық барысында 1969-72 жылдар аралығында ұшырылған 4 ұшқышсыз Н-1 зымыраны кеңістікке шықпай жатып жарылып кете берді.
Екі сәтсіз талпыныс америкалықтар Айға қонар алдында, екеуі осы оқиғадан кейін болды.
Кеңес Одағы зымырандарының бірі H-1-дің жарылып кету сәті
Мәселенің барлығы бірінші сатыда болды. КСРО-ның АҚШ-тан айырмашылығы – бүкіл кезеңді толығымен тексеруге мүмкіндік болмады, сондықтан деңгейлердегі ауытқушылықтар неден туындағанын анықтау мүмкін емес еді.
АҚШ-тың дайындығы жақсы және бұл бағдарламаға бөлінген қаражат та көп болды
1960-1973 жылдар аралығында америкалықтар “Аполлон” бағдарламасына 28 миллиард доллар жұмсады. Бұл ақша “Сатурн-5” зымыранын, ғарыш аппаратын жасауға, сондай-ақ сынақтан өткізуге қажетті инфрақұрылымды салуға жұмсалды.
Бүгінгі инфляцияны ескерсек, бұл сома 288,1 миллиард доллар болатын еді. Жақсы дайындық Америка Құрама Штаттарына “Аполлонның” барлық 13 талпынысты да сәтті аяқтауға мүмкіндік берді. Олардың алтауы ғарышкерлердің Айға қонуымен аяқталды.
Америкалық “Сатурн-5” зымыраны мен кеңестік H-1 зымыранының өлшемі. Зымырандар арасында адам тұр.
КСРО-ның партиялық басшылығы “Ай” бағдарламасына айтарлықтай аз ақша бөлді. Ізденіс барысында басшылық үнемі қаржыландыруды қысқартып, жобалаушылар мен өндірушілерден шығындарды үнемдеуді талап етті.
Кеңестік “Ай” бағдарламасының жобасына қатысты адамдардың өлімі де оның жүзеге аспауына себеп болды. Мысалы:
• 1966 жылы 14 қаңтарда қарапайым медициналық ота кезінде бұл жобаның басында тұрған ғалым Сергей Королев қайтыс болады;
• 1967 жылы “Союз-1” зымыранының сәтсіз қонуы кезінде Ай экспедициясына басты кандидат – Владимир Комаров қаза тапты;
• 1968 жылы ұшақ сынағы кезінде Ай экспедициясының екінші үміткері – Юрий Гагарин ажал құшты;
1974 жылы В.П. Мишиннің орнына кеңестік ғарыш бағдарламасының бас жобалаушысы болып В.П. Глушко тағайындалды да (жоғары билік органдарының келісімімен) Н-1 тасымалдаушысы мен “Ай” бағдарламалары бойынша жұмыстарды тоқтатуға шешім қабылданды. Ол Айға ұшу бағдарламасына әдейі қарсы болып, қорғаныс мақсатында Жердің жасанды серігін, ғарыш станциясын құру идеясын жақтады.