2018 жылдың маусымында Facebook (Instagram-ның иесі) Сан-Францискодағы кеңсесінде арнайы пресс-конференция ұйымдастырып, Instagram лентасының алгоритмдері қалай жұмыс істейтінін алғаш рет ресми түрде түсіндірді. Назарыңызға пресс-конференцияға қатысқан TechCrunch журналистерінің тезистерін ұсынамыз.
Алгоритмдер
Нақты бір қолданушының қызығушылықтары мен іс-әрекетін сараптау үшін Instagram жасанды интеллектіні қолданады. Егер екі аккаунт бірдей адамдарға жазылса, екеуінің лентасы әртүрлі құрастырылады. Посттардың ретіне үш фактор әсер етеді:
– Қызығушылық. Жасанды интеллект қолданушының қандай контент түрін ұнататынын анықтап, бақылап отырады да, лентаның басына сол қызығушылығына сай посттарды шығарып отырады. Мысалы футбол жайлы посттарды көп көретін, лайк басып, пікір жазатын қолдануышының лентасында футбол тақырыбындағы парақшалар жиі шыға береді.
– Жаңа посттар. Ескіден гөрі жаңа посттардың басымдығы бар.
– Қарым-қатынас. Әлеуметтік желі қолданушылар арасындағы қарым-қатынасты қатаң ескереді. Қолданушыға ортақ суреттері бар, жиі сөйлескен, пікір жазып, лайк басқан, посттарын өзіне сақтап алған аккаунттардың посттары лентаның басына шығады.
Алгоритм қолданушының лентаны қаншалықты жиі ашатынын да қадағалайды. Егер Instagram-ды тәулігіне бір рет ашсақ, лентада 24 сағат ішіндегі үздік посттар бірінші көріне бастайды. Қолданушы көп адамға жазылса, кей аккаунттардың жарияланымдарын сирек көруі мүмкін, себебі алгоритм тек таңдаулы аккаунттарды теріп алады және оған аудиториясы кең аккаунттардың посттары жиі көрінеді.
Мифтер
Instagram менеджерлері әлеуметтік желіге қатысты біраз мифтің анық-қанығын да айтып берген.
– Желіде жасырын бан жоқ және белгілі бір хэштегтерді қолданғанда ешқандай пост өшірілмейді;
– Instagram сондай-ақ, ешқандай постты лентадан жасырмайды, соңына дейін парақтап шықсаңыз, барлық контентті көруге болады;
– Stories пен тікелей эфир аккаунттың кең қамтылуына әсер етпейді;
– Күніне қанша пост салсаңыз да, контенттің кеңінен қамтылмайды.