- Негізгі бет
- Техно
- Жан алғыш ұшақ....
Жан алғыш ұшақ. Неге "боинг" құлап жатыр?
Эфиопияда Boeing 737 MAX апатқа ұшырағаннан соң, америкалық ұшақтарға деген күдік күшейе түсті.
Басқаруға көнбейтін ұшақ
2018 жылдың қарашасында апатқа ұшыраған Boeing 737 MAX ұшағын зерттеу барысында АҚШ-тың федералды азаматтық авиация басқармасы сұмдық жайттың басын ашты. Зерттеу кезінде аталмыш ұшақтарда бірқатар ақау бар екені анықталды. Осыған ұқсас 246 ұшақта автоматтың жұмысы істен шығуы мүмкін екені хабарланды. Boeing сарапшылары мен құзырлы органдардың өкілдері ақау ұшақтың тұмсық бөлігінің иілуіне әкелетінін және мұндай кезде ұшақтың басқаруға көнбейтінін анықтады. Қарапайым тілмен айтқанда, ұшу барысында ұшақ өз еркімен шешім қабылдауы мүмкін. Лайнердің ақауы ұшуға бет алғанда не биіктік алғанда байқалады. Осы себепті Малайзия мен Эфиопиядағы ұшақтар жерден ажырағаннан соң көп уақыт өтпей құлаған. Малай елінде 189, ал Ethiopian Airlines-ке тиесілі Boeing 737 MAX ұшағының бортында болған барлық 149 жолаушы мерт болған.
©newshub.co.nz
Бірінші жағдай емес
Boeing 737 MAX 8 — тар фюзеляжды авиалайнердің төртінші буыны. 2016 жылдан бастап қолданысқа енген ұшақ 162-175 жолаушы тасымалдауға қабілетті. Қазіргі таңда осы модельдегі 350 ұшақ қолданысқа берілген. Ұшақты сынау кезінде де, тексеріс ұшу кезінде де ешқандай ақау байқалмаған болу керек. Өйткені америкалық компания бұл туралы тіс жарған жоқ. Әрине, болар-болмас ақаудың өзі үлкен дау-дамайға, қомақты келісімшарттардың бұзылуына әкеп соқтыратыны белгілі. Осы себепті де америкалық компания жұмған аузын ашпаса керек. The Wall Street Journal басылымының журналистері Boeing ұшағында ақау бар екенін алғаш зерттеп, америкалық компанияның бұл туралы әдейі жария қылмағанын мәлімдеген еді.
Boeing 737 MAX 2016 жылдың қаңтар айында алғаш рет ұшып, сәтті қонған болатын. Құны $117 миллион болатын MAX 8 нұсқасы әлемде сұранысы жоғары ұшақтардың бірі болып қала бермек.
©latest-daily-news.com
"Ауру" құс
Boeing 737 ұшағына қатысты проблемалар Эфиопия мен Малайзиядағы қайғылы жайттан бұрын басталған. Осыған ұқсас ұшақтар өткен ғасырдың 90 жылдары апатқа жиі ұшырайтын. Себебі тез арада анықталды. Ұшақ тұтқасы басқаруға көнбей, қатып қалатын болған. АҚШ федералды ведомствосының есептесені сәйкес ұшақ тұтқасының басқаруға көнбей, қатып қалғанының салдарынан 10 лайнер әуе апатына ұшырау мүмкін болған. Жанжалдан кейін АҚШ компаниясы Boeing 737 ұшақтарындағы ақауды жөндеген.
©Tengrinews
Тыйым салу
Boeing 737 MАХ әлемде сұранысқа ие ұшақтардың бірі. Ең ірі сатып алушы - Қытай. Аспан асты елінде 60-қа жуық Boeing 737 MАХ ұшақтары жолаушы тасымалдап жүр. Дегенмен қазірдің өзінде Индонезия, Ұлыбритания және Қытай елдері Boeing 737 MАХ лайнерлер3н34 ұшуына тыйым салды. ҚХР Үкіметі америкалық компаниядан кепілдік сұрап отыр.
Елімізде Boeing 737 MАХ ұшағы тек SCAT компаниясында бар. 2017 жылы қазақстандық әуе тасымалдаушы Boeing компаниясымен осы типтес алты ұшақты сатып алуға келісімшартқа отырған болатын. Әзірге тек бір Boeing 737 MАХ қолданыста.
А. Рысдәулет