Нарықта күзетсіз және кассирсіз дүкендер желісінің басымдығы артады

Нарықта күзетсіз және кассирсіз дүкендер желісінің басымдығы артады
Фото: Jason Del Rey, Recode.net

Amazon компаниясының күзетсіз және кассирсіз дүкендер желісі былтыр іске қосылған болатын. Бір жылдың ішінде дүкен табысы өзге қарапайым қызмет көрсету орталықтарын басып озды. RBC Capital Markets атты сараптамалық орталықтың есебі бойынша, Amazon Go желісі кәдімгі дүкендерге қарағанда 50 пайыз артық табыс тапқан.  

Amazon Go дүкендеріндегі орташа чек – $10, ал сатып алушылар саны – күніне 550 адам. Қорытындылай келе, дүкеннің бір ғана нүктесі жылына $1,5 миллион тапса, дәл осындай форматтағы кәдімгі маркеттер $1 миллион табыс табатыны анықталған.

Амазон компаниясы 2021 жылға дейін 3000 Amazon Go дүкендер желісін ашуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты, оның табысы $4.5 миллиардқа жетуі мүмкін деген болжам да бар. Одан бөлек, қазір компания әуежайларда өз дүкендерін ашу үшін келіссөздер жүргізуде.

Amazon Go деген не?


Amazon Go – дүкендердің жаңа түрі. Алдын-ала тапсырыс берудің немесе кезек күтудің қажеті жоқ. Сауда жасау үшін Amazon Go арнайы бағдарламасын орнатасыз, сол арқылы кіріп, керекті затыңызды аласыз. 

Amazon Go қалай жұмыс істейді?

Дүкеннің жұмыс істеу принципі жүргізушісіз автокөліктерде қолданылатын технологиялар арқылы іске асады: компьютерлік бақылау, арнайы тесеріс тетігі (датчик). Just Walk Out атты технологиясы сіздің тауарды сөреден алып, қайта орнына қойғаныңызды автоматты түрде анықтайды. Виртуалды себет (корзина) арқылы оны бақылауда ұстайды. Керекті затты алғаннан соң, дүкеннен шығып кете аласыз. Кейін компания түбіртекті сізге жібереді.

Amazon Go дүкенінен керекті затты қалай сатып аламын?

Сізге керегі – Amazon сайтына тіркелген кездегі логин және пароліңіз, одан бөлек Amazon Go тегін бағдарламасы. Оны iPhone немесе Android телефондарына жүктейсіз. Кірер кезде есіктен бағдарламадағы QR код арқылы ішке кіресіз. Кейін өзіңізге қажетті тауарды таңдайсыз.

Алғашқы Amazon Go дүкені Сиэтл қаласында ашылған болатын. Одан кейін Сан Франциско және Чикаго қалаларымен қосқанда 8 дүкендер желісі іске қосылды. Recode ақпарат көзіне сүйенсек, Нью Йорк қаласында да Amazon Go дүкені ашылғалы жатыр.

Т. Есқали