Қазақстанда қанша смартфон бар?

Қазақстанда қанша смартфон бар?
Фото: retailer.ru

Белгілі маркетолог Әлімжан Бисембаев Телеграм каналында қазақстандықтардың қанша және қандай компьютерлер мен байланыс құралдарын қолданатыны жайлы кішігірім зерттеуін жариялады.

Әлімжан Бисембаевтың айтуы бойынша, Қазақстандағы Apple маркалы смартфондар саны 2 млн 150 мың мен 2 млн 210 мың аралығында екен. Жыл басынан бұл өнімді қолданатындар саны 11-17 пайызға өскен.
Ал Apple планшеттерін қолданушылар саны керісінше азайып келе жатқан көрінеді. Егер 2018 жылдың қаңтар айында планшетті белсенді қолданатындар саны 95-105 мың аралығында болса, қазір бұл көрсеткіш 85-95 мыңға төмендеген.

Android жүйелі смартфондар саны жағынан Apple-ден үш есе асып түскен. Жыл басында қолданыстағы ұялы телефондар саны 5 млн 500 мың-5 млн 700 мың аралығында болса, желтоқсан айының басындағы есеп бойынша 7 млн 500 мыңға жеткен.

Android планшеттерін қолданатындардың да саны төмендеуде. 2018 жылдың басында олар 220-240 мың болса, қазір 200-205 мың. “Бұған таңғалатын түгі жоқ”, - дейді Әлімжан Бисембаев, - “Планшет қазір көбіне балалардың ермегіне арналған”.

Ал ноутбуктер мен компьютерлерге келер болсақ, Қазақстан азаматтарының 0,96 пайызы MacOS қолданады, бұл шамамен 79-81 мың арасында. Ал жыл басында олардың саны 70- 72 мың болған екен. 11 айдың ішінде көрсеткіш 12,8 пайыздан 15,3 пайызға өскен.

Ал 2018 жылы Windows қолданушылардың саны айтарлықтай өзгере қоймаған. Жыл бойғы көрсеткіш 4 млн 510 мың мен 4 млн 720 мың арасында.

Дереккөз: el.kz

Т. Есқали