Енді туристер Жер шарын 100 шақырым биіктіктен тамашалай алады

Енді туристер Жер шарын 100 шақырым биіктіктен тамашалай алады

Американың Virgin Galactic ғарыш компаниясы SpaceShipTwo туристік суборбитальды ғарыш аппаратының кезекті тәжірибесін жүзеге асырды. Сынақ сәтті өтіп, ұшақ ғарыш кеңістігінің табалдырығы саналатын 80 шақырым биіктікке дейін жеткен. Бұл туралы компания твиттер парақшасында мәлімдеді.

14 шақырым биіктікке дейін SpaceShipTwo ұшағын WhiteKnightTwo ұшақ тасушысы алып шыққан. Ары қарай суборбиталды ұшақ 42 секундта әуенің стратосфера қабатынан мезосфера қабатына өтіп, 82,7 шақырым биіктікке дейін көтеріле алған. Сынақ Калифорния штатындағы Мохвае әуежайында өтті. Тәжірибе барысында ұшақ дауыс жылдамдығынан 2,9 есе тез ұша алған. 

Virgin Galactic компаниясының иесі миллиардер Ричард Брэнсон да ұшу-сынақ барысына қатысқан. Енді бортында туристері бар алғашқы ұшу 2019 жылдың наурыз айына жоспарланып отыр. SpaceShipTwo ұшағында 6 жолаушы мен екі ұшқыш болады. Алғашқы туристердің бірі болып Ричард Брэнсонның өзі ғарышқа саяхаттайды.


Айта кетейік, SpaceShipTwo суборбитальды ұшағы туристердің салмақсыздықты сезінуі және Жер шарын 100 шақырым биіктіктен тамашалауы үшін жасап шығарылған. Мұндай әсерді алу үшін сізге 250 мың доллар төлеуіңізге тура келеді екен. Алғашқы ұшу әлі жүзеге аспаса да Жер шарын 100 шақырым биіктіктен тамашалағысы келген жүзден аса адам әлдеқашан билетке тапсырыс беріп қойған.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар