Интернет-махаббат

Интернет-махаббат
Фото: makeout.by/

Интернет арқылы танысу, дейтинг-бағдарламаларға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Одан 20 жыл бұрын отбасын құрғандардың қалай танысқанын сұрасаңыз, "би кеші, туған күн" дейтін еді. Кейін араға 10 жыл салып "танысуға себеп болған – агент" дейтіндер қатары артты. Бүгінде әлеуметтік желіні ысырып тастап, қолданысқа арнайы "болашақ жар" іздеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар шықты. Сол бағдарламалар адамның психологиясы мен ой санасына қалай әсер етеді. Бүгін талқылаймыз.

Онлайн-дейтингтің атасы ретінде Батыстан келген Match.com секілді сайттар болса, Ресейде танымал болған Mamba.ru. Кейін олардың қолданысын жеңілдету үшін ұялы телефонға арналған бағдарламалар шығара бастады. Бұндай сайттың қолданушылары 30-дан енді асқан “серілер” мен “сылқымдар”.

Мысалы, танысу сайттарының алтернативі атанған Badoo  бағдарламасын  ай сайын 60 млн адам қолданса, әлем бойынша тіркелгендер саны 407 млн адамнан асқан. Tinder бағдарламасы да күніне 1,6 миллиард свайп, аптасына 1 миллион кездесуді бақылайды.

Мұндай бағдарламалар жалғызсырап жүрген жандардың басын қосуды жеңілдетті ме? Әрине. Бірақ, олар бақытты ете ала ма? Күмәніміз бар.


“Жоқ”: Онлайн өмірде де баянсыз махаббат бар

Онлайн таныстықтың бәрі сәтті аяқтала бермейді. Ол жерде де біреу сізге “жоқ” деуі әбден мүмкін. Зерттеушілердің пікірінше, өзара түсіністіктің болмауы адам миының жұмысына әсер етіп,  физикалық аурумен тең дәрежеде әсер етеді.

"Әлеуметтік желідегі “бас тарту” мен физикалық ауру тек жағымсыз болуымен ғана емес, олардың мидың соматосенсорлы аймағына бірдей әсер етуімен ұқсайды",- деп жазады зерттеушілер. Яғни, сынған сүйек пен жаралы жүрек дертін ми ажырата алмайды.

Өз-өзіне деген баға:
Шынайы өмірде танысқаннан гөрі, сайт арқылы қарым-қатынас құруды жөн санайтындардың барлығының өз-өзіне қоятын бағалары төмен. Өздеріне сенімсіз адамдардың басым көпшілігі онлайн махаббат ойынына құмар.

АҚШ-та дейтинг-бағдарламалар  (Tinder, Bumble, Match, Plenty Of Fish and Zoosk) Apple Store желісінің 50 танымал бағдарламалары қатарынан табылады. Ал, Қазақстанда Badoo бағдарламасы Google Store желісінде 133-орында тұрса,  “Друг-вокруг” топ-100 чарттың ішіне енеді.

Сонымен…
Сонымен, бұл арқылы дейтинг-бағдарламаларды нашар дегіміз келмейді. Тек,  кез келген мүмкіндік тәуелділікке айналса, өміріңізге кедергі келтіре бастайды. Онлайн әлем арқылы өмірді жеңілдетуге болады. Бірақ, ол жерде өмір сүруге болмайды. Одан да, кітапханада, көшеде, саябақ пен музыкалық кештерде болашақ жарыңызды жолықтырыңыз.

Т. Есқали