NASA зымыранның Марсқа қонуын тікелей эфирден көрсетеді

NASA зымыранның Марсқа қонуын тікелей эфирден көрсетеді
Фото: nasa.gov

Ұлттық Аэронавтика және ғарыш агентігінің (NASA) InSight зерттеу зымыраны Марсқа дүйсенбі, яғни, бүгін қонады. NASA бұл тарихи сәтті тікелей эфирден көрсетуді жоспарлап отыр. Егер Қызыл ғаламшарға құрылғының қону сәтінің куәсі боламын десеңіздер бүгін түнде, Астана уақытымен 01:40-та мына сілтемеге өтіңіздер. 

Зонд 7 минут ішінде Марс атмосферасына кіріп, сәтті қонуы керек. Осы уақыт ішінде аппараттың жылдамдығы 19,3 мыңнан 8 км / сағатқа дейін төмендейді. Зондты баяулату үшін ғалымдар оны парашют және серіппелі механизмдермен, сондай-ақ амортизаторлармен жабдықтаған.

Егер, қону сәтті аяқталса, InSight осы уақытқа дейін Қызыл ғаламшарға жетіп, оның бетіне қона алған сегізінші құрылғы болмақ. Қызыл ғаламшарға дейін зонд 484,773,006 шақырым қашықтықты жүріп өткен. InSight марсоход болмағандығы себепті, ол Қызыл ғаламшар бетімен саяхаттамайды, керісінше бір орында тұрып зерттеу жұмысын жүргізеді. Сондықтан оған Марс бетінен тыныш мекен таңдалып алынған. 

Ғалымдар ұзақ зерттеуден кейін InSight зондының қону орны ретінде Элизий таулы аймағын таңдап алды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жерде құрылғы зардап шегетін өте қатты желдер өте сирек орын алады. 

Құны 850 миллион доллар тұратын InSight зонды Марста 2 жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ол Марс бетіндегі температура мен оның сейсмикалық белсенділігі туралы ақпаратты жинайды, сондай-ақ ғалымдарға планетаның жерасты картасын жасауға көмектеседі. Зонд, штативті кран, жылу датчигі, сейсометрмен жабдықталған және 5 метр тереңдікте дейін қаза алады.

Т. Раушанұлы