- Негізгі бет
- Техно
- Айға саяхаттайтын алғашқы...
Айға саяхаттайтын алғашқы туристің есімі белгілі болды
SpaceX компаниясы тарапынан жасалған BFR зымыранында Айға саяхаттайтын алғашқы туристің есімі белгілі болды. Бұл туралы Илон Маск компанияның штаб-пәтерінде өткен арнайы кеште мәлімдеді.
Сонымен Айға саяхаттайтын алғашқы турист – Юсаку Маэдзава жапониялық миллиардер, коллекционер. Жапонияның ең ірі Zozo интернет-дүкенінің негізін қалаушы. Былтыр оның жеке байлығы 3 миллиард долларға бағаланған.
Юсаку Айға миллиондаған долларын сарп етіп ұшса ұшатындай адам. Себебі ол былтыр Нью-Йорк қаласындағы Sotheby’s бәссаудасында америкалық суретші, неоэкспрессионист Жан-Мишель Баскияның "Атауы жоқ" картинасын 110,5 миллион долларға сатып алған. Оны сақтау үшін арнайы 5,2 миллион долларға үй салдырған. Осы бір ғана деректен байқағанымыз Юсаку Айға ұшу үшін 40-50 миллион долларын ойланбай жұмсайды.
Өткен жылы Илон Маск 2018 жылы Falcon Heavy және Dragon" капсулалары арқылы Айға адам ұшыруды көздеп отырғанын мәлімдеген еді. Бірақ бірер күн бұрын SpaceX твиттеріне "SpaceX әлемнің алғашқы жолаушысымен айға ұшу үшін келісімшарт жасады. Бұл BFR зымыранымен ғарышқа саяхаттағысы келетіндер үшін жасалған бірінші қадам. Сонымен кім және неге ұшайын деп жатқанын дүйсенбі кешкі сағат 18:00-дегі тікелей эфирден тамашалай аласыздар", – деген мәлімдеме шыққан болатын.
Масктың айтуынша, жаңа зымыранның Айға ұшып барып келетін уақыты 4-5 күн. Ол бұл оқиғаның нақты қай уақытта орын алатынын айтпады. Бірақ Юсакудың өзі бұл 5 жылдан кейін болуы мүмкіндігін тілге тиек етті.
"2023 жылы ғарышқа саяхаттайтын алғашқы адам ретінде 6-8 өнер адамын менімен саяхаттауға шақырамын", – деген Маэдзава Айға саяхат өнер адамдары үшін таптырмайтын шабыт көзі екендігін айтты. Және ол арманының орындалуына көмектескен Илон Маск компаниясының қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Маск өзінің Маэдзавамен бірге Айға ұшпайтынын айтты. Сондай-ақ алдағы сапардың қай уақытта орын алатынын айта алмайтынын атап өтті. "Бұл өте үлкен зымыран, ол озық технологиялармен жабдықталады. Бәрібір 100 пайыз сенімді бола алмаймыз, біз оның ұшуына сәттілік тілейміз, менің ойымша, бұл мүмкін, бірақ сенімді емес. Юсакуды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұшыру үшін барлығын жасаймыз және барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз", - деді Илон Маск.
Масктың мәлімдеуінше, компания жаңа зымыранның құрылысын бастап жіберген. Бірақ SpaceX басшысы жапониялық миллиардердің қанша төлегенін құпия сақтап отыр.
Т. Раушанұлы