"Nasa” Марсқа ұшуын 2050 жылға қалдыруы мүмкін

"Nasa” Марсқа ұшуын 2050 жылға қалдыруы мүмкін
Фото: mysticstory.ru

Флорида штатынан сенатор болып сайланған ғарышкер Билл Нельсон "Nasa”-ның қазіргі бюджеті мен Дональд Трамптың Айға ғарышкер ұшыру жоспарына байланысты Марс ғаламшарына сапар шегу 2050 жылға қалдырылуы мүмкіндігін айтып өтті. 

АҚШ Қызыл ғаламшарға 2030 жылы сапар шегуді жоспарлаған еді. Бірақ "Nasa”-да нақты жоспар болмағандығы себепті, жоспар құру жеті айға шегерілген. Бұл да АҚШ-тың Ай бойынша бағдарламаны іске асыруына байланысты. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама Марсқа ғарышкер ұшыруды алға қою мақсатында Жер серігіне жоспарланған "Жұлдыздар санаты" бағдарламасын тоқтатқан еді. 

Тағы бір мәселе қаржы жетіспеушілігіне де байланысты болып тұр. 2009 жылы Огустиннің ғарыштық ұшуды зерттеу жөніндегі комиссиясы "Nasa”-ның бюджеті Ай мен Марсқа ұшу үшін 3 миллиард долларға дейін көтерілу керектігін айтты. Ал Ұлттық Ғылым Академиясы 2050 жылға дейін Марсқа ұшудың болмайтынын есептеп шыққан. 

2017 жылы Конгресс "Nasa”-ның Марс миссиясына арналған қадамдық жоспарын ұсынды. "Explore Mars" компаниясының зерттеу жөніндегі атқарушы директоры Кристан Карберра АҚШ-тың халықаралық және іскерлік серіктестері Қызыл планетаға ұшуға көмектесетінін айтады, бірақ үкімет кез келген сәтте уәдесінен тайқып кететіне алаңдайды.

Т. Раушанұлы