Дебатта жасанды интеллект адамды жеңіп кетті

Дебатта жасанды интеллект адамды жеңіп кетті
Фото: robohub.org

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында адам мен жасанды интеллект арасында пікірталас өтті. "Ғаламды зерттеуге қыруар қаржы бөлудің қажеті бар ма?" деген тақырып аясында өткен дебатқа Project Debater жасанды интеллекті және Израильдің пікірталас чемпионы Ноа Овадиа бастаған топ қатысты. Қатысушылар 2016 жылдан бастап дәйектерді іздестеріп, ұсынылған тақырыптың ұтымды және ұтымсыз тұстарын саралаған. 

Жасанды интеллект қарсыласынан қажетті ақпаратты алу үшін алдау, өтірік айту қасиеттерін меңгерген. Тіпті, пікірталастың қызған уақытында ол адамға түсініксіз тілде сөйлеп кетеді екен. Қарсыластар алдын-ала дайындаған зерттеулерін 4 минуттан оқып, мәселені шешу жолдарын көрсетті. Одан кейінгі 4 минутта қарсыластың келтірген дәлелдеріне қарсы пікір айтып, кезекпен сөз таластырды. Қалған 2 минут қорытындылауға арналды. Жасанды интелект "Адамзат үшін ғаламды зерттеу, оған қызығушылық таныта отырып игеру тек ғылымды ілгерілетіп қана қоймай, адамның жеке қабілеттерін, ой өрісін одан әрі дамытуына жол ашады" деген қорытындыға келді. 

Ал, оның қарсыласы Ноа Овадиа "Мемлекеттік субсидиялар Ғаламды емес, Жерді зерттеуге арналған ғылыми жұмыстарды жүргізуге пайдаланылса" деген тұжырыммен пікірталасты қорытындылады. Жиынның соңында дебатты басынан аяғына дейін тамашалаған көрермендер жасанды сананың дәйектері нақты, орынды деген шешімге келіп, оның ұсыныстарын қолдады. Осылайша, Project Debater өз қарсыласынан басым түсті. 

Дебатқа жаңа өзгерістер мен жаңалық енгізген бұл жобаның авторлары пікірталастың негізгі артықшылықтарын атап өтті. Debater жобасының негізгі мақсаты – бұл жүйені ғылым, жаңа технология дамыған аймақтарда жалғастыру. Құрастырушылар жасанды сананың сөйлеп, мәтін жаза алуы үшін API жүйесін қолданған. Жобаның келесі сандарында бұл жүйе тағы да жаңа функциялармен толықпақ.

А. Қажиев