Mozilla дауыспен басқаратын жаңа браузер жасауда

Mozilla дауыспен басқаратын жаңа браузер жасауда
Фото: mozilla.org

Firefox браузері дәл қазіргі уақытта аса танымал деп айта алмаймыз. Бірақ, бұдан 5-6 жыл бұрынғы кезеңде ол жаппай қолданыста болды. Mozilla компаниясы өз өнімдеріне ерекше функциялар енгізуімен ерекшеленеді. CNET басылымы таратқан мәлімет бойынша, компания қазір қызу жұмыс үстінде. Интернет тұтынушыларының назарына компания дауыспен басқарылатын су жаңа Mozilla Scout браузерін дайындап жатыр. 

Пернетақтасыз, тышқансыз, сенсорлы экранның көмегінсіз жұмыс жасайтын браузер ғаламтор кеңістігінде бұрын соңды болмаған. CNET басылымы таратқан тағы бір ақпарат бойынша, Scout қолданушылары өздері қалаған мақаладағы ақпараттан хабардар болу үшін «Scout, маған ақ аюлар жайлы мақаланы оқып бер» деп бұйырса жеткілікті. 

Business Insider басылымына сұхбат берген Mozilla компаниясының өкілі атаулы браузер қазіргі уақытта дайындалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, «Scout-тің» алғашқылары компания қызметшілерінің арасында сынақтан өтіп жатқан көрінеді. 

Браузерді дауыспен басқаруға дейін жеткен бүгінгі дәуір жаңа технологияның адамзат өмірінде үлкен маңызға ие болып, кең өріс алғандығының айғағы. 5-6 жыл ішінде өз тұтынушыларының санын азайтып алған браузер жаңаша функциялар енгізу арқылы халық қолданысына қайта енуді көксейді.

А. Қажиев