- Негізгі бет
- Техно
- «Индиго балалар» аңыз...
«Индиго балалар» аңыз ба, ақиқат па?
XXI ғасырда технология дамып, кез келген техника жаңалықтарына назар салғанымызбен, бұрынғыдай таңғалмайтын болдық. «Қара сиқыр» деп талай отқа өртеген адамдарының кәдуілгі химик пен физик екенін Еуропаның түсінгеніне де 2 ғасырға жуық уақыт болды. Бүгінде сол ғалымдардың тынымсыз еңбегінің жемісін мұқым адамзат пайдаланып келе жатыр. Дүниенің көзі – гаджеттер сәнге айналған заманда сол физик, химик, биолог ғалымдардың түрлі жаңалықтарына көз сүйкеп қана өтетін болдық. Робототехника, кибернетика, биотехника, нанотехнология жаңалықтарына таңғалмайтын, қалыпты жағдай деп қарайтын деңгейге жеттік.
Кейбір ғалымдар осы салалардың шектен тыс өркендеуіне алаңдаулы. Олардың пікірінше, робототехника мен жасанды сана осы қарқынмен дамитын болса, болашақта жер бетін жасанды санаға ие роботтар басқарады екен. Әрине, оларға қарсы пікір айтушылар да табылады. Жоғарыдағы ғылым түрлері адамзат игілігі үшін жаратылып жатыр дейтіндер де бар. Осындай параллелді терминдер арасында, "индиго", "индиго балалар" сөздері де жүрек соғысын көрсететін аппараттағы толқындай, анда-санда бой көрсетіп қалатын кездерін көзіңіз шалып қалған болар? Осы жолды жазып отырған пақырыңызда да солай. «Индиго балалар қайдан келді немесе қайдан пайда болды, бұлай аталуының себебі неде? Ғылыми тәжірибе жемісі ме әлде талант па?» деген сияқты сұрақтар айналасында ізденіп көрейік.
Индиго термині
Жер жүзінде қалыпты балаларға ұқсамайтын сәбилер осыдан жарты ғасыр бұрын өмірге келе бастады. Алғаш рет 1982 жылы мұндай балаларға экстрасенс Нэнси Энн Тэпп «индиго балалар» деген атау береді. Себебін, бұл сәбилер аурасының Үндістанда өсетін қою көк түсті гүлдің түсімен ұқсас болуымен түсіндіреді. Ғалымдар соңғы уақытта адам айналасын аура қоршап тұрады деген пікірлерді алға тартып жүр. Адам психологиясы, мінез-құлқы оның түсіне байланысты болады екен. Мысалы:
Сангвиник – қызыл;
Меланхолик – көк;
Флегматик – ақ;
Холерик – сары;
Нэнси Энн Тэпп 20 жыл бойы осы балалар төңірегінде ізденеді, әр түрлі тәжірибелер өткізеді «индиго балаларды 5-7 жасынан бастап зерттейді. Нэсидің айтуынша, қазіргі 10 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызы, 15-25 жас аралығындағы адамдардың 70 пайызы «индиго балалар». Ұлыбританияда бұл балаларды – «мыңжылдық балалары», Францияда – «тефлонды балалар», Ресейде – «нұр балалар» деп атайды.
Дарын мен индигоның айырмашылығы неде?
Адамзат пайда болғалы табиғат тума талантты адамдарға кенде болмаған. Тарихты ақтарып мысал келтірсек, мың-миллиондап кездеседі. 70 тіл білген – Әбу Насыр әл-Фараби, Медицинаның атасы – Ибн Сина, төрт жасынан түрлі әуен шығарған – Моцарт, төрт жасында хат таныған – Мағжан Жұмабаев, Альберт Эйнштейн, тіпті кеше өмірден өткен Стивен Хокинг, осы күнгі арамызда жүргендер т.б. тізім жалғаса береді. «Олар да индиго ма еді?» деген сұрақ туындайды. Жоқ, бұлар тағдыр талайынан талантты, талант болғанда да ерекше дарындылар еді.
Себебі, дарынының арқасында бірі өлең жазды, бірі ғылыми жаңалық ашты. Ал, «индиголардың» қабілеті оларға ұқсамайды. Олар «біртүрлі» дарындылар. Әдетте жаңа туған сәби назарын бір нүктеге шоғырландырып қарай алмайды, индиголар туа сап айналасына үлкен адамдардай байсалдылықпен көз салады екен. Олар оқыған дүниелерінің бір әрпін қалдырмай жаттап алу, ішкі құрылысыңызды рентген аппараты сияқты көзімен көру, саусағымен кітап оқу, ерекше экстрасенсті қабілет, 6 жасында 60 жастағы мамандай компьютер техникасына жетік болу, телекинез басқа да мүмкіндіктерге ие болады.
Мысалы, Тейлор Рамон Уилсонды алайық. Тейлор 10 жасында атомды бомба жасаған. 14 жасында ядролық реактор құрастырған. Ойлап қараңызшы, бала 10 жасында атом құрамын зерттеп, одан бомба жасап шығарады. Ақылға қонатын іс пе? Тейлор құрастырған ядролық реакторды 30 жылда бір қуаттайды екенсіз. Ғажайып па? Ғажайып! Міне, осындай қабілет-қарымының арқасында «индиголарды» – «адамзат дамуының алтыншы нәсілі» деп атайды.
Шизофрения ма әлде қабілет пе?
Болат Хусаинов атты бала Қазанда туған. Тоғыз айлығында жүзге дейін санай алған, екі жасында орыс және ағылшын тілдерінде санай білген. Ол атақты лингвист Сергей Ожеговтың түсіндірме сөздігін оқуды ұнатқан. 1 жас 10 айлығында балбақшаға барған. Балабақшада атақты композитор, скрипкашы Шаинскийдің әндерін айтып отырғанын көрген тәрбиешілер талып қала жаздаған. Баланың ерекше есте сақтау қабілеті бар екенін айналасындағылар 1 жас 8 айлығында білген. Болат 1-сыныпқа барғанда мұғалімдер ата-анасына баланы дәрігерге көрсетуге кеңес берген. Себебі, Болат "біртүрлі". Ауруханада аутизм ауруымен таныс емес дәрігерлер Болатқа «балалар шизофрениясы» деген диагноз қояды. Жалпы, батыс психатриясында «аутизм» деген термин бар. Оны адам жан дүниесінің бір бөлігі деп есептейді. Қазақшалап айтсақ, «аутизм» – ақын дегенге келеді. Мысалы, Бил Гейтстің қол астында бірнеше қабілетті аутистер бағдарлама жасаумен айналысады. Болат болса, өлең жазуды және аквариумдағы балықтар «әңгімесін» тыңдауды ұнатқан екен.
Бүгінде 4 жасынан философиялық өлеңдер жаза бастаған ерекше дарынға ие Ника Турбинаны білетін боларсыз. Ол 9 жасында өзінің алғашқы «Черновик» атты өлеңдер топтамасын кітап етіп басып шығарып КСРО-ға танымал ақын атанады. Осыдан соң өлеңдері 12 тілге аударылады. Арада 1 жыл өткеннен кейін 1984 жылы «Алтын Шер» (Золотой лев) сыйлығын алады. Осыған дейін орыс қаламгерлерінен бұл сыйлықты Анна Ахматова ғана алған. Осы қыздың болашағы жарық һәм түрлі атақ-даңққа толы екеніне ешкім шүбә келтірмеді. Бірақ, 2002 жылы 27 жасында Ника қайғылы жағдайда өмірден озды.
«Индиголардың» гендік құрылымы
Индиго балалардың интеллектуал даму коэфиценті қазіргі күнде орташа есеппен 130-ға тең екен. Бұдан 20 жыл бұрын бұл көрсеткіш 10 мың адамның бірінде кездесетін нәтиже еді. Францияда IQ көрсеткіші 130-ға жеткен балалардың барлығын мемлекет өз қамқорлығына алып, кез келген оқу орнына түсіреді. Олар өз мақсаттары жолында тынбай еңбектенеді. Белгілі бір нәтижеге жетпейінше тоқтамайды. Сіз өмір бойы жинап оқыған ақпараттарды бірнеше ай ішінде үйреніп алады.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше олардың ми бөліктері екі жағы да бірдей дамиды екен. Әдеттергі адамдардың ми бөлігінің бір жағы ғана дамиды, сіз ер адам болсаңыз оң жақ миыңыз, әйел адам болсаңыз сол жақ миыңыз жетіледі. Жаңа дәуір балаларының гендік құрылымы да қарапайым адамдардан өзгеше келеді.
Мысалы, кезінде Америкада ЖИТС-пен ауыратын ата-аналардан туған баланы медициналық тексеруден өткізгенде сәбиден де инфекция табылады. 6 ай өткесін сәбиді тағы тексеруден өткізеді. Нәтижесі адам таңғаларлық. Балада вирус мүлдем жоғалып кеткен. Денесі сап-сау. Қан құрамын алып басқа да вирустар егіп көреді. Сәбидің қаны кез келген вирусқа шыдамды болып шығады. Сосын, ДНҚ сараптамалық тексерістен өткізеді. Нәтижесінде балада 24 ДНҚ-лық кодон (генетик мәлімет тасушы) бар болып шығады. Қалыпты адамдарда 20 кодон болады.
«Индиголардың» иммунитеті басқаларға қарағанда 25 есе жоғары. Ғалымдардың пікірінше, барлығы ДНҚ-ға байланысты. Әдетте, адамның ДНҚ молекуласында 64 кодон болады екен. Оның 20-сы ғана жұмыс істеп, қалғандары "ұйықтап" жатады. Ал, «индиголарда» 30-35 кодон мәлімет тасиды. Егер, ғайыптан тайып 64 кодоныңызда да жұмыс істеп кетсе, онда «суперменге» айналады екенсіз.
«Индиголардың» ғарыштық миссиясы немесе олар көктің балалары ма?
Ғалымдар алдағы 200-300 жылда не болады, өркениет қай бағытта дамиды деп адамзат тағдырына алаңдаулы. Кеше өмірден өткен, «қара құрдымды» зерттеген Стивен Хокингтің өзі адамзат алдағы 1000 жылда өмір сүруге қолайлы басқа ғаламшар таппаса, құрып кететінін айтып кетті. 3200 жылға дейін болжап кеткен Ванга да осы тектес сөздер айтқан. Фантастар болашақта адам миы киборгтерге салынып, сонымен жан сақтайды деп мәлімдеп отыр. Теорияға да, ақылға да қонатын әдіс. Бірақ адам миы арқылы ғана адам емес қой. Адам адамдығын сақтап қалу үшін не басқа өркениет табу керек, не табиғатқа деген көзқарасын жақсы жағына өзгертуі керек.
Нэнси сияқтылар «индиго балаларға» сенім артып отыр. «Сенімді түрде айта аламын, индиголар өзінің өмір сүру салтымен, жоғары қабілетімен бізге өмірдің жаңа есігін ашады» дейді. Бұл сөздің қаншалықты рас-өтірігін ешкім анықтап көрмеген. Рас болса, өзіңізді жаңа өмір есігінің табалдырығында тұрмын деп есептей беріңіз.
Кейінгі кездерде «индиголар» ғарыштан келген балалар деген сөздер де көп айтылып жүр. Бұлар ҰБН (НЛО) тәжрибелері екен. Оған себеп «индиголардың» Марс ғаламшары, ондағы бұрынғы өркениет жайлы, өркениеттің құру себебі, бүгінгі жағдайы жайлы ғалымдарға баяндап беріп жатыр. Уфологтардың мәлімдеуінше, әлемнің ақпараттық өрісі «индиголарға» тумай жатып генетикалық кодына жазылып қояды екен. Тағы бір себеп, мыңдаған әйелдердің «мені өзге ғаламшарлықтар ұрлап кетті» деп мәлімдеуінен де туындап отыр. Сондайлардың бірі – Меган Лайкер.
2001 жылы Меган Лайкер өзімен колледжде бірге оқыған Эндрю Майерге тұрмысқа шығады. Арада бірнеше уақыт өтсе де олар балалы бола алмайды. Сәбилі болуды аңсаған отбасы дәрігердің көмегіне жүгінеді. Гинеколог Меганның енді бала көтермейтінін мәлімдейді. Оның құрсағы 60 жастағы әйелдің құрсағындай қартайған. Осы уақытқа дейін көп бала босанған әйелдердің құрсағы осындай болатынын айтады. Бірақ, Меган тұрмысқа енді шыққанын, бұған дейін бала көтермегенін алға тартады.
Содан соң ерлі-зайыптылар гипноз әдісімен емдейтін дәрігерге көрінеді. Гипноздалған Меган өткен өмірінің 4 жылын айтып береді. Оның айтуынша өзге ғаламшарлықтар ұрлап кетіп, оны бала тауып беретін аппарат ретінде пайдаланған. 4 жылда Меган 48 рет құрсақ көтерген. Сондықтан болар, оның құрсағы бала тууға жарамсыз. Меганның мәлімдеуінше, өзге ғаламшарлықтар біздің планетаны «гибрид балалар» жасау үшін пайдаланып отыр екен.
Р.S. Адамзат пайда болғалы жер бетінде өркениет бірнеше рет пайда болып жоғалды. "Атлантида", Джеймс Чечвард айтып кеткен "Көне континент Му" (Пацифида, The Lost Continent of Mu Motherland of Man) аңыздары жайдан-жай тумаса керек. Адам баласы сонда да дамуға деген ұмтылысын тоқтатпай келе жатыр. Бәлкім, "Адамзаттың алтыншы нәсілі" аталып жүргендер де жаңа өркениеттің жаңа тұрғындары болар. Біздікі болжам ғана.
«Индиголарды» зерттеймін деп әбден қалжыраппын. Жастыққа басым тиісімен қор ете қалдым. Шым-шытырық түс көріппін. Түсімде әлдебіреулерге баласын бергісі келмей, жанталасып жатқан анаға жете алмай, алқынып оянып кеттім. Шылқып терлеппін... Бәлкім, бұл түсім жалғыздықтан қашқан сананың иллюзиясы ғана шығар.
Т. Раушанұлы