«Фаббинг» деген ауру пайда болды

«Фаббинг» деген ауру пайда болды
Фото: rediff.com

Фаббинг – кездесу кезінде (дастарқан үстінде, концертте, жиналыста) смартфоннан ажырай алмайтын адамдар ауыратын ауру. Олар смартфонмен ойнамайды: олар әлеуметтік желілерден шыға алмай отырады. Аурудың атауы – phone (телефон) + snubbing (мән бермеу) = phubbing. 

Терминді 2012 жылы McCann жарнама агенттігінің қызметкері ойлап тапқан. Ал оны шартарапқа таратқан осы аурумен күресетін STOP PHUBBING компаниясы. Олар өз сайтында мынадай қызықты ақпарат жариялаған:

1. Компания фаббинг ауруы тараған елдерді картадан тауып, тізім жасаған. АҚШ пен Ұлыбритания сол тізімнің көшін бастап тұр. Бұл ТОР-20-да көрші елдер болғанымен, біздің ел қатардан табылмады. Бірақ бұл бізде «Мына аурумен науқастанатын тұрғын жоқ» деген сөзді білдірмейді. Шамамен, 21-орынды иеленетін шығармыз.

2. Егер фаббингті оба ауруындай өлімге алып келеді деп есептесек, Қытай тұрғындарынан алты есе көп адамзат баласы жоқ болып кетер еді.

3. Смартфоннан бас алмайтындар тамақтың дәмін сезбейді, нәрін де бойына сіңіре алмайды. Олардың 97%-ы арық болады екен.

4. Әлем бойынша жасөспірімдердің 87%-ы достарымен онлайн-хабарлама арқылы сөйлескенді жөн көреді.

5. Фабберлердің басым көпшілігі смартфонды сөйлесу үшін не қызықты қысқа видео көру үшін, болмаса ән тыңдау үшін, Google-дың қызметтерін пайдалану үшін қолданады.

Неге адамдар смартфоннан бас ала алмайды?

Кент университетінің профессорлары осы сауалға жауап іздеу үшін арнайы зерттеу жүргізген екен. Нәтижесінде бұл ауру адамдардың бойына жаңа зиянды әдеттер мен психологиялық мәселелерді жүктейді екен. Оған қоса, ғаламторға байланып қалады: желіде бір нәрседен құр қаламын деген үрей тудырады. Ең бастысы, күшті, ерік-жігерді құм қылады.

Оған қоса, жыныстық бөліністерге қарай ерлерге қарағанда әйелдер фаббингке бейім келеді. Бұл олардың смартфонға деген көзқарастарынан болуы мүмкін: басым жағдайда ерлер үшін смартфон мүмкіндікті арттыруға арналған техника, ал әйелдер үшін – қоғамға әсер ету құралы. Мысалы, шетелде қыдырғанын, күшігінің киімін, тағам әзірлегенін, қымбат опа алғанын, болмаса баласының суреттерін жүктейді. Бұл белгілі бір деңгейде әйел затының «жария ету» функциясын көрсетеді.

Бұл ауру жұқпалы. Мәселен, мейрамханада дастархан басында екі дос тамаққа тапсырыс беріп күтіп отырады. Біріншісі смартфонға еніп кетсе, екіншісі де артынан ереді. Егер олай болмаған жағдайдың өзінде бұл үстелдің жанында отырған көрші меймандардың ішінде біреуі әлеуметтік желіге тағамның суретін жүктеп отырады. Барлығы жағдайға байланысты. 

Г. Берік