Тәулігіне қанша мандарин жеуге болады? Дәрігер кеңесі

Тәулігіне қанша мандарин жеуге болады? Дәрігер кеңесі
Фото: depositphotos.com

Мандариннің пайдасы көп, бірақ шамадан тыс жеу кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы аллерголог-иммунолог дәрігер Алина Романова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lenta.ru-ға сілтеме жасап. 

Маманның айтуынша, мандарин С дәрумені бойынша ең жоғары көрсеткішке ие жемістердің қатарына жатпаса да, оны қалыпты мөлшерде жеу суықта ағзаны қорғауға жеткілікті. С дәрумені иммун жасушалардың белсенділігін арттырып, вирустар мен инфекцияларға қарсы тұруға көмектеседі.

"Сондай-ақ, А дәрумені С дәруменімен бірге терінің қартаюын баяулатып, коллаген түзілуін ынталандырады", - деді Романова.

Бұдан бөлек, мандарин құрамында жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, күйзеліс деңгейін төмендетуге ықпал ететін В тобы дәрумендері кездеседі. Ал бұл цитрусқа тән жасұнық өзге қоректік заттардың жақсы сіңуіне жағдай жасайды.

"Дегенмен көп жеп қоюдың салдары да бар: органикалық қышқылдардың жоғары мөлшері гастриттің асқынуын немесе қыжылды қоздыруы мүмкін, ал жасұнықтың тым көп болуы ас қорыту бұзылысына, іштің кебуіне және іш өтуге әкелуі ықтимал", - деп ескертті аллерголог.

Жемістегі қант мөлшері жоғары болғандықтан, дәрігер қант диабеті бар адамдарға және салмағын бақылап жүргендерге мандаринді шектен тыс тұтынбауға кеңес берді.

Тері бөртпесіне келсек, көп жағдайда бұл - "жалған аллергиялық" реакция. Мандарин гистамин бөлінуін қоздыратын өнімдер қатарына жатады: ол ағзада осы заттың белсенуін күшейтіп, көп мөлшерде жегенде бөртпе, терінің қызаруы, қышыну сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Мұндай симптомдар аллергияға ұқсап кетеді.

"Бұл реакциялардың басты ерекшелігі - мөлшерге тәуелділігі: аз жесеңіз, ештеңе байқалмауы мүмкін, ал мөлшерден асқанда байқалады. Әр адам үшін бұл шек әртүрлі. Орта есеппен, күніне 3–4 мандарин жеу ағзаға зиян келтірмейді", - деді дәрігер.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget