Тәттіден толық бас тартуды көпшілік денсаулыққа пайдалы әдет деп санайды. Алайда бұл түсінік әрдайым дұрыс бола бермейді. Эндокринолог, диетолог Юлия Каминарская қанттан бас тартуға қатысты кең тараған қате түсінікті жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, құрамында қант көп тағамдарды тұтынуды азайту денсаулыққа пайдалы. Әсіресе, бұған дейін тәттіні шамадан тыс жеп жүрген адамдар үшін оның пайдасы бар. Алайда қанттан толық бас тарту ағзада айтарлықтай өзгеріс тудырмайды.
"Қанттан толық бас тартудың ағзаға қандай да бір ерекше пайдасы болады деп күтудің қажеті жоқ. Ағза зиянды заттардан тазармайды, зат алмасу жүйесі де түбегейлі өзгермейді", – дейді дәрігер.
Маман денсаулықты сақтау үшін қанттан мүлде бас тартудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еркін қанттан алынатын энергия мөлшерін тәуліктік калорияның 10 пайызынан асырмауды ұсынады.
Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша, тағамға тым қатаң шектеу қою ағзаға қосымша пайда әкелмейді. Керісінше, адамның тамақтануға деген көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Тағамды "пайдалы" және "тыйым салынған" деп қатаң бөлу кей адамдардың тамақ туралы шамадан тыс ойлауына, тіпті тамақтану мінез-құлқының бұзылуына әкеп соғуы ықтимал.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!