Танымал блогер, көптеген мұқтаж жанның баспаналы болуына көмектескен Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы үлгідегі телефон ұстау не үшін керек екенін айтып, ер адаммен қарым-қатынас құру туралы кеңес берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында күйеуі жаңа iPhone 16 сыйлағанын жариялады.
"iPhone 16 құтты болсын! Жұғысты болсын! Тек жақсы жаңалық еститін телефон болсын!", – деп жазды ол.
Ырысбала Икрамбайдың әлеуметтік желідегі оқырмандары ырымдап, оның ұсталған телефонын сатып алғысы келіп, хат жазады екен. Алайда блогер телефонын сатпайтынын, бірақ бір күні жомарттығы ұстаса, сыйлық ретінде беруі мүмкін екенін айтты.
"Қыздар, көпшілігіңіз сат деп жатыр екенсіздер. Маған Алла табысты телефоннан, бақты баспанадан берді. Сондықтан телефон мен алған квартира, үйді сатпаймын деп өзіме ырым етемін. Көңілім түскен адамға жомарттығым ұстап, көктем сияқты гүлдегенде сыйлауым мүмкін, бірақ сатсам, бағымды саудалағандай боламын, айыпқа бұйырмаңыздар. "Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деген", – деді ол.
Сонымен қатар желі қолданушылары күйеуі соңғы үлгідегі iPhone сыйлағанда блогердің қуанып, эмоция көрсетпегенін жазып, сынап жатыр. Ырысбала Икрамбай мұның сырын ашты.
"Айыбын жуып-шаю үшін, "осы қатынның аузы жабылсыншы" деп әкеліп тұр. Негізі кеше әкелген. Өзім тырысып, алмай қойғанмын. Бірден берілмейін деп түр жасап алғам ғой. Еркекті есіртпей, шаңын қағып тұру керек. "Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы" демекші, ісініп, өз-өзіммен алысып жүрмін, атым артымды жақтырмайды, артым атымды жақтырмайды", – деп жазды блогер.
Айта кетейік, Ырысбала Икрамбай өзінде iPhone 13, 14, 15, 16 бар екенін көрсетті. Ал iPhone 11 мен 12-ні біреуге сыйлап жібергенін еске алды. Ол телефонның соңғы үлгідегі нұсқасын сатып алу мақтан немесе трендтен қалмау үшін емес, ақша табу үшін керек екенін басып айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз