Танымал әнші Гүлзира Бөкейхан өмірден өтті

Танымал әнші Гүлзира Бөкейхан өмірден өтті
Фото: instagram.com/gulzirabokeihan

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейхан өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаралы хабарды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жеткізді.

"Қытай елінен атажұртқа көшіп келіп, қазақ даласын әнге бөлеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейхан дүниеден өткені туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Гүлзира Бөкейхан шет елде жүріп-ақ қазақтың қасиетті ән өнерін сақтап, елге оралған соң ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірегей жан еді. Ол Қытайда туып-өскен қазақтар арасынан алғаш болып елге танылған өнер жұлдызына айналып, халқымыздың мәдени мұрасын жаңа белеске көтерді", - деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Айта кетейік, Гүлзира Бөкейхан қазақ өнерін төрткүл дүниеге танытуға сүбелі үлес қосқан. Ол 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесінде дүниеге келген. 1999 жылы тарихи Отанына оралған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget