Алматыда қала күні қарсаңында бірнеше азаматқа Алматы қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Олардың қатарында композитор Ерұлан Қанафиянов пен ақын Ұлықбек Есдәулет те бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды қала күнімен құттықтады.
"Алматы әрқашан алдыңғы шепте болып, оң өзгерістердің жарқын үлгісі болуы керек, бұған бар күшімізді, білімімізді және тәжірибемізді жұмсаймыз. Алматыны әрбір адам өз үйіндей сезінетін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру – біздің қолымызда", - деді ол.
Мегаполис басшысы қаланы дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға Алматы қаласының Құрметті азаматы атағын табыстады.
Қаланың құрметті азаматы атанғандардың қатарында композитор Ерұлан Қанафиянов, ақын Ұлықбек Есдәулет, көзі нашар көретін суретші Алексей Уткин, кескіндемеші Ерболат Төлепбай, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Байнатов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова, құрметті ұшқыш Дмитрий Душимов және кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов бар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз