Танымал актриса өмірден өтті

Танымал актриса өмірден өтті
Фото: instagram.com/saken_teatry/

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Бижамал Кемалова ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Қаралы хабарды театр ұжымы жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәдениет қайраткері, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Бижамал Кемалова С.Сейфуллин атындағы театрға 1980 жылдардың басында келіп, еңбек жолын осында бастаған. Көп жыл бойы театрда көрерменге қалтқысыз қызмет еткен.

Ол - Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыка драма театрының негізін қалаған театр ардагерлерінің бірі.

"Бижамал Далабайқызы - театр сахнасында қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, ел аналары мен әжелердің образдарын сомдаған өнер майталманы. Өзіндік стилі мен актерлік шеберлігін қалыптастырған актриса театрымыздың мақтанышы, жастардың ақылшы ұстазы еді. Марқұмның иманы жолдас болсын, туған-туыстарына, отбасына, ұрпақтарына қайғырып көңіл айтамыз", - деді әріптестері.

Ол театр сахнасында "Досымның үйленуі" спектаклінде Биғаным, "Қарагөз" спектаклінде Мөржан, "Ғашықтың тілі" спектаклінде Сүйімқан, "Қайран жас дәурен" спектаклінде Воронкова, "Аққу сезім" спектаклінде Ақдидар, "Мусье Жордан" спектаклінде Шахрабану, "Тәнге түскен раушангүл" спектаклінде Мисс Йорк секілді рөлдерді сомдаған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget