Танымал жаңазеландиялық актер Сэм Нилл 78 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның туыстары әлеуметтік желіде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сэм Ниллдің отбасы оның 13 шілдеде Сидней қаласында өмірден өткенін зор күйзеліспен хабарлайды. Сэм өмірінің соңғы сәтінде отбасының ортасында болды", - деп жазылған мәлімдемеде.
Олардың сөзінше, Сэм Нилл онкологиялық аурудан сауығып келе жатқан. Сондай-ақ, олар Сиднейдегі жеке аурухана дәрігерлеріне көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
2023 жылы наурызда Сэм Нилл химиотерапия курсынан өтіп жатқанын айтқан еді. Кейін ауру ремиссия кезеңіне өткенін, алайда әлі де ем қажет екенін мәлімдеген.
Сэм Нилл 1947 жылы 14 қыркүйекте Солтүстік Ирландияда дүниеге келген. Кейін отбасымен Жаңа Зеландияға қоныс аударып, актерлік мансабын сонда бастаған.
Оған әлемдік танымалдықты Стивен Спилбергтің 1993 жылы шыққан "Юра дәуірі саябағы" фильміндегі палеонтолог Алан Гранттың рөлі әкелді.
Сэм Ниллдің танымал туындылары қатарында "Пианино", "Өлі тыныштық", "Қызыл қазанға аңшылық", "Көкжиектен тыс", сондай-ақ, "Тюдорлар" және "Өткір қалпақтылар", т.б. бар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!