Таңертең қандай әдеттер зиян болуы мүмкін? Маман жауап берді

Таңертең қандай әдеттер зиян болуы мүмкін? Маман жауап берді
Фото: depositphotos.com

Гормондарды зерттейтін маман Майк Коцис қандай әдеттер таңертең шаршау, әлсіздік сияқты жайсыздықтарға әсер етуі мүмкін екенін айтты. Ол бұл туралы HuffPost-қа берген сұхбатында түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Коцистің айтуынша, ең зиян әдеттердің бірі - оятқышты "кейінге қалдыру" батырмасын қайта-қайта басу. Екіншісі - ояна сала телефоннан жаңалықтар мен хабарламаларды оқу. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер ағзаға стресс тудырып, табиғи ырғақты бұзады.

Маманның түсіндіруінше, сіз оятқыш алғаш соққанда оянып, қайта ұйықтап кетсеңіз, ми адреналин мен кортизол бөледі, сосын қайтадан ұйқыға кетеді. Бұл ағзаның табиғи гормон реакциясын бұзып, адамды селқос, ашушаң қылып жіберуі мүмкін.

Сондай-ақ, Коцис таңертең алдымен кофе ішіп алу немесе таңғы асты мүлде ішпей кету де шаршауды күшейтетінін ескертті. Себебі бұл қант деңгейінің және кортизолдың күрт өзгеруіне әкеледі. Соның салдарынан түске дейін-ақ діріл, стресс, ашушаңдық, қатты ашығу, бас ауруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін.

Маман эндокриндік жүйе мен жалпы ағзаның тұрақты жұмыс істеуі үшін таңертең мына ретпен әрекет етуге кеңес береді:

  • алдымен аздап қозғалу (жеңіл жаттығу/созылу),
  • су ішу,
  • содан кейін ғана кофе ішу,
  • әрі қарай толыққанды таңғы ас ішу.

Ескертетін жайт, таңғы ас құрамында міндетті түрде ақуыз, май, және көкөніс немесе дәнді дақылдар болуы керек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget