- Негізгі бет
- LifeStyle
- Тамақтың бүкіл пайдасын...
Тамақтың бүкіл пайдасын жоятын 10 әдет
Дәрігерлер әдетте үйлесімді тамақтансаңыз, ешқандай дәрумендік қосымшалар керек емес екенін айтады. Алайда тағы бір маңызды нәрсені ескеру керек: тамақтан барынша пайда алуға кедергі келтіретін әдеттер бар. Ол қандай әдеттер?
1. Тамақты жылдам ішу
Асығып отырып тамақ ішуге үйренген болсаңыз, асқазан проблемалары пайда болуы мүмкін. Оған қоса, адам жылдам тамақтанған кезде ми тойғаны жайлы белгі алып үлгермейді, сондықтан артық тамақтанып қоюы әбден мүмкін. Ал артық тамақтану – артық салмақтың негізгі себептерінің бірі.
Тамақтану кезінде тоқтық сезімі сіздің не жегеніңізге қарамастан шамамен 15-20 минуттан кейін ғана келеді. Ал сол тоқтық сезімінің ұзаққа сақталуына тамақтың сапасы мен калориялығы әсер етеді. Сондықтан барлық диетологтар тамақты асықпай шайнап жеуді ұсынады.
2. Таңғы ас ішпеу
Таңғы ас ішуді әдетке айналдырған адамдардың есте сақтауы мен когнитивті функциялары жақсарады. Оны көптеген зерттеулер дәлелдеген. Сондай-ақ таңғы ас ішу тиімді арықтауға көмектеседі. Егер таңертең сапалы әрі тойымды таңғы ас ішіп алсаңыз, түскі аста калориясы көп тамақ іздемейсіз.
3. Тойымды әрі ауыр кешкі ас ішу
Кей адамдар күні бойы толыққанды ас ішуге уақыт таппайды да, оның орнын кешкісін үйге келген кезде толтырады. Оған қоса, тамақ ашуланғанды, шаршағандықты жылдам басып, көңіл күйді көтере алады. Алайда зат алмасу процестері кешке қарай баяулай түседі. Кешке артық тамақтану артық салмаққа әкеледі. Сондай-ақ тойып тұрсаңыз, ұйықтап кету қиынға соғады және ұйқыңыз дұрыс қанбайды.
4. Тамақтан соң бірден темекі шегу
Темекі ешкімді сау етпейді. Алайда тамақтан соң бірден темекі тарту екі есе зиян келтіреді.
5. Суды аз ішу
Ағзаға судың маңызы жайлы бәрі біледі. Бірақ көпшілік оны жеткілікті мөлшерде ішпейді. Егер суды аз ішсеңіз, тамақ дұрыс қорытылмайды, ал қоректік заттар ішекке нашар сіңеді. Сондай-ақ көп адам шөлдегенін қарын ашқанмен шатастырады. Сондықтан судың жетіспеушілігі артық тамақтануға итермелеуі мүмкін. Егер қарныңыз ашып тұрғандай сезімде болсаңыз, алдымен бір стақан су ішіп жіберіңіз.
6. Кофені көп ішу
Кофенің ағзаға пайдасы бар. Бірақ оны мөлшермен ішу керек. Оның қауіпсіз мөлшері – күніне 3 шай кесе. Егер оны өте көп ішсеңіз, ол жүрекке зиян келтіреді. Сондай-ақ кофе ағзадағы кальцийды шайып шығарады және басқа да пайдалы заттардың сіңуіне кедергі келтіреді.
7. Демалыс күндері артық тамақтану
Кей адамдар жұмыс күндері өздерін шектеп, тәтті және зиян тамақтарды мүлдем жемеуге тырысады да, демалыс күндері оларды өзіне бақылаусыз жеуге рұқсат береді. Бұл тамақтану режимін бұзады. Оның орнына күнде кез келген тамақты мөлшермен жеген дұрыс.
8. Көңіл күйді тамақпен көтеру
Кейде адамдар қарны ашқаннан емес, көңіл күйі болмағанда немесе еріккеннен тамақ жей береді. Тамақ шынымен де мазасыздықты жақсы кетіреді, алайда мұндай әдет эмоционалды артық тамақтануға ықпал етеді. Егер бұл әдеттен арыла алмасаңыз, мұндай кезде ең болмағанда пайдалы өнімдер ғана жеуге тырысыңыз. Мысалы, тәрелкеге жемістер турап қойыңыз.
9. Қанты бар өнімдерді көп жеу
Қантты көп жеу семіздік, тіс жегі және диабет секілді жағымсыз салдарларға әкеледі.
10. Гаджетке қарап тамақтану
Қазір көпшілік видео немесе сериал қоспай дастарханға отырмайды. Алайда тамақтану кезінде сізді ештеңе алаңдатпау керек.
Оқи отырыңыз: Ұйықтар алдында қандай тамақ жеуге болады?
А. Жапатова