- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Талғат Ермегияев түрмеге...
"Талғат Ермегияев түрмеге түспегенде, ауыр атлетика жаратын еді". Алмас Өтешов допинг қабылдағанын мойындады
Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов "Уақыт көрсетеді" Youtube-жобасына берген сұхбатында допинг қабылдағанын мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұрынғы спортшының айтуынша, допинг деген арнайы дәрі жоқ, ол гормоналдық препараттар жинағы.
"Допинг деген дәрі жоқ. Қарапайым аспирин ішсеңіз де, ол допинг болып саналады. Бұл жай ғана атауы ғой. Бірақ оның ішінде тестостерон секілдісі де бар. Бізге осының бәрін салады", - деді ол.
Сондай-ақ, ол спортшылардың допинг қабылдауына саланы басқаратын министрдің өзі септігін тигізетінін айтты.
"Қазақстан Ұлттық допингке қарсы орталығымен біздің министрлер келіседі. Оның бәрі ақша. Бізде "двойник" деген бар. Мысалы, менің двойнигім інім болды. Олар бізді тексеруге келгенде Айдос деген інім Алмас Өтешов болып қан, дәретін тапсырады. Өйткені ол жақта бәрі келісіліп қойған. Илья Ильиннің өзінің ағасы бар, оның орнына ағасы тапсырады. Бұл жерде бәрі коррупция ғой", - деді ол.
Алмас Өтешов өзінің допинг қабылдағанын мойындап, егер спортшы допинг қабылдамаса, мұндай ауыр салмақ көтере алмайтынын түсіндірді.
"Егер бір жылдан кейін қаңтарда Әлем чемпионаты өтетін болса, біз қаңтарға дейін допинг қабылдаймыз. Мен оны мойындаймын. Ол жақта препараттың түр-түрі бар. Мысалы, тестостерон пропианаты секілді дәрілер. Бәрі гормоналды дәрі ғой. Оның бәрін толық қабылдаймыз. Олсыз салмақ көтеру мүмкін емес. Мен өзімнің таза салмағым, денсаулығыммен 200 келі ғана көтеремін. Дәрінің бәрін ішкеннен кейін тағы 30 келі қосылады. Бізге қандай дәрі ішіп, қандай дәрі салып жатқанын білеміз.
Ол уақытта министр көп ауысты, олардың қатарында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Талғат Ермегияев бәрі болды. Мұның бәрі сол министрлердің тірлігі. Барлық система бір ғой. Мысалы, Қазақстан Венгрияға тексеріске келгенде допинг туралы бәрі біледі. Яғни, министр тексеруге келгендермен өзі келіседі. Өйткені Талғат Ермегияевқа біздің жеңісіміз керек. Бірақ ол кісі өте жақсы адам болды. Мен өзім ол кісіні жақсы көремін. Егер ол кісі түрмеге түспегенде біз допингпен ұсталып, ауыр атлетикадан кетпейтін едік. Өйткені ол Тамаш Аянмен тікелей келісетін жалғыз адам еді, басқалар келісе алмайтын. Талғат Ермегияев түрмеге түспегенде, ауыр атлетика жаратын еді. Бразилиядағы бүкіл алтынды біз алатын едік. Талғат Ермегияевты қызметінен алып тастады, ал оның орнына келгендер ана жақпен келісе алмайды", - деді ол.
Сонымен қатар, ол Әлем чемпионатында жүлдегер атанғаны үшін мемлекет сыйлаған баспананы қайта қайтару керек деп санамайтын көрінеді.
"Илья Ильиннің де допинг қабылдағаны өтірік емес, біз бәріміз допинг қабылдадық. Біз ешкімді алдаған жоқпыз. Допинг қабылдағаным жария болғаннан кейін де маған сыйланған үйді қайтарған жоқпын. Мен оны неге қайтаруым қажет? Біз елдің туын көтердік қой, мемлекет те бізді пайдаланды. Бізге дәріні Қытай немесе Ресей әкеп берген жоқ қой, бізге оны өзіміздің үкімет берді", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә